Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды

09.01.2025

Шығыстың жауһары саналатын Қатонқарағайға тікелей ұшақпен жету мүмкін болмақ. Үкімет еліміздің курорттық аймақтарында әуежай салуды қолға алды. Жоспар ауқымды. Биылдың өзінде тұмса табиғатымен таңдай қақтыратын бірнеше жерде әуежай салынады. Жолдар жөнделеді. Халықаралық логистикада ілкімді жобалар жүзеге асады. Көлік министрлігінің биылға жоспарлаған жобаларын Самал Қабышева рет-ретімен айтып береді.

Самал Қабышева, тілші:

Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі. Осы үш курорттық аймақта биыл жаңа әуежайлар салынуы тиіс. Қазір бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жол азабын тартқан жүргізушілер мен жолаушыларға да жағымды жаңалық. Биыл Қызылорда – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Қызылорда – Сексеуіл, Астана – Қостанай, Атырау – Орал сынды 18 бағыт бойынша жол жөндеу жұмыстары басталады. 2030 жылға дейін елде 4700 шақырым жаңа автожол салынады. Оның 3700 шақырымы, яғни жартысынан көбі - І санаттағы жолдар. Бұл жобаларды іске асыруға 9 трлн-нан астам теңге инвестиция қажет. Қазір инвесторларды тарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Самал Қабышева, тілші:

Темір жол көлігі саласында да бірқатар ауқымды модернизация жоспарланған. Биыл 225 жаңа вагон сатып алынады. «Достық – Мойынты» жобасы бойынша темір жол құрылысы аяқталады. Бұл өткізу қабілетін 5 есеге арттырады. Сондай-ақ «Достық – Бескөл» және «Мойынты – Балқаш» учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Бұл шешім көрсетілген учаскелердегі пойыз қозғалысын жақсартуға және жүк тасымалы мәселелерін шешуге көмектеседі.

Теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды. Бұл порттың өткізу қабілетін арттырып, Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтады. Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағытындағы контейнерлер тасымалының көлемін ұлғайтады. Сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жеткізілетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу