Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметі қайта жаңартылады. Бұл туралы бүгін тиісті құжатқа қол қойылды. Аймақтағы мұздықтар мен климаттық өзгерістерді зерттеуге үлкен үлес қосып отырған мекеме 2020 жылы құрылған болатын. Гляциологиялық орталық Қазақстан үшін аса маңызды тау мұздықтары жүйелеріне жедел мониторинг жүргізеді.
Орталық басшысы Тахир Балықбаевтың айтуынша, жыл сайын Тянь-Шань тауларындағы мұздықтардың ауданы 0,75 пайызға, ал көлемі 1 пайызға азайып барады. Демек, жүз жылдан кейін бұл мұздықтар тіптен жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан да Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселесіне қатысты зерттеулер жүргізіп, әлем бойынша мұздықтардың жай-күйін бақылау аса маңызды, - дейді өңірлік гляциологиялық орталық директоры.
Тахир Балықбаев, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының директоры:
Жаһандық экологиялық қордың жобасында біздің орталықты ЮНЕСКО негізгі осы жобаны атқарушы орталық деп айтып отыр. Сол себепті біз олармен өте тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Тек қана Орталық Азия емес, сол секілді біз Англияның да, Швейцарияның да, Аустрияның да, Германия және басқа да елдердің, Ресейдің де ғалымдарымен тығыз жұмыс істейміз. Әрі көптеген бағыт бойынша.
Қаракөз Тұрмағанбет