Қысқы демалыс орындарында қауіпсіздікке мән берген жөн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы демалыс орындарында қауіпсіздікке мән берген жөн

09.01.2025

Қысқы демалыс орындарында қауіпсіздік мәселесі сақтала бермейді. Сондықтан ақтөбелік мамандар мұндай кәсіпкерлік нысандарын жаппай тексеріп жатыр. Тек жылдың алғашқы сегіз күнінде 30-дан аса құқықбұзушылық тіркелген. Полицейлердің айтуынша, олардың дені түнгі он бірден кейін дем алуға барған жасөспірімдерге қатысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қысқы демалыс орталықтарында, әсіресе қар үстінде жүретін көліктер қауіпті саналады. Мәселен мына квадроцикл сағатына 65 шақырымды бағындыра алады. Дегенмен орталық мамандары оны үш есеге дейін төмендетіп қойған. Қазір мен бар жылдамдығымен жүріп көремін.

Қазір Ақтөбе қаласының өзінде 14 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Жұмыс күндері де бұл жерлерде адам көп. Тіпті өзге облыстардан арнайы келіп, демалып жүргендер де бар.

Талғат Есмағамбетов, Атырау облысының тұрғыны:

Біз Атырау облысының Индер ауданынан келдік. Кеше әріптестерімізбен ақылдасып, бірге келіп қыдырып жатырмыз. Осыны Инстаграмнан көріп, өзіміз барып көрейік деп келдік. Жақсы, ұнап жатыр.

Бұл бірер жыл бұрын Ақтөбедегі демалыс орындарының бірінде болған жағдай. Қар үстінде жүретін көлікті тізгіндеген жасөспірім кезек күтіп тұрған бір топ адамды қағып өткен еді. Салдарынан бір адам қаза тауып, бесеуі жарақаттанды. Осы оқиғадан кейін демалыс орындарындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударыла бастады.

Дәурен Қажығалиев, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

Тіркейді, жүргізуші куәлігін, техпаспорттарын алады. Ал кішкентайлары ол ойыншық қой енді. Соның өзінде де мына жердегі кісілердің айтуынша, 18 жасқа толғанына көз жеткізіп қана отырғызады. Ал кішкентай балаларды ата-анасы алдына алып қана отырғызуға рұқсат.

Үлкен сырғанақтардың басында және етегінде міндетті түрде нұсқаушылар тұруы тиіс. Кішкентай балалар шанаға ата-анасының бірімен бірге ғана міне алады. Дегенмен полицейлердің айтуынша, бұл жерлерге үлкендердің қарауынсыз келетіндерге тыйым болмай тұр.

Ботагөз Жалекешова, қалалық ювенальды полиция бөлімінің бастығы:

Сырғанақ маңдарында түнгі 23:00 дейін заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмағандар анықталып жатыр. Яғни ол азаматтарды, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБ-ның 442-бабы, 2-тармағы бойынша хаттама толтырылды. 

Қазір қаладағы қысқы демалыс орталықтарына жаппай мониторинг жүргізіліп жатыр. Мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алу. Ереже бұзған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу