Мемлекет басшысы министрлерге бірқатар міндет жүктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы министрлерге бірқатар міндет жүктеді

08.01.2025

Үкімет мүшелері батыл шешім қабылдауы керек. Астанадағы жобалық кеңсенің қызметімен танысқан Мемлекет басшысы министрлерге бірқатар міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануға тиіс екенін айтып, нақты нәтижелерді талап етемін, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

Біз қазір ірі инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға, жасанды интеллект пен ядролық энергетикаға баса мән беріп жатырмыз. Себебі мұның бәрі – мемлекетіміздің негізгі стратегиялық даму бағыттары. Үкімет осы маңызды мәселелерді жұмыс барысында міндетті түрде ескеруге тиіс.

EXPO қалашығында орналасқан Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты еліміздегі реформалар мен стратегиялық бастамалардың тиімділігін арттыру. Оның жұмысын Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды қадағалайды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен «Ana tili» газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу