Жамбыл облысында қар астында қалғандар құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында қар астында қалғандар құтқарылды

08.01.2025

Оңтүстік өңірлерде кешеден бері қыс қаһарына мініп, жол жүру мүмкін болмады. Республикалық маңызы бар жолдар жабылып, жүргізушілер сағаттап қозғалыссыз қалды.

Кеше кешкі сағат 17:00-ден бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде қаңтарылған көліктің қарасы көбейді. Тараздан Шымкентке шығып, Алматы асу мүмкін болмады. Бұрқасыннан Қордай және Жуалы ауданында мыңнан аса көлік қаңтарылып қалды. Оның 600-ге жуығы жүк көлігі. Қысы қалың Жуалыда ескертуді елемей жолға шыққан 40 адам құтқарылды. Оның 20-сы бала. 100-ге жуық полицей құтқарушылармен бірлесіп, 10-нан аса көлікті қар құрсауынан алып шықты. Ал жолаушылардың тазалау жұмыстарына көңілі толмайды.

Абзал Құрманов, Тараз қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі:

Жүзге жуық жүргізушілер мен жолаушылар жылыту орнына жеткізіліп, ыстық шәймен қамтамасыз етілді. Таңға дейін тынымсыз жұмыс атқарудың арқасында қазіргі таңда яғни, 8 қаңтар сағат 11:00 шамасында Шымкент бағытына қарай жол ашылды.

Жақыпжан Ибрагимов, жүргізуші:

Мына жолда техника жоқ, тазалап жүрген бір-ақ КамАЗ. Жамбыл облысы тазалап жатыр, Түркістан облысы мүлде тазалап жатқан жоқ. Сәлемдеме: «ҚазАвтожол»! Тазалаңыздар! Ақшаны не үшін төлеп жатырмыз?

Қызылорда облысында да жаңбыр аралас қар жауып, жолда көлік қозғалысы қиындады. Көктайғақтың салдарынан 10-нан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Әсіресе күре жолда 4 жүк көлігі соқтығысып, аударылып қалды. Соның бірінде «МAN» жүк көлігінің тіркемесі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шыққан патрульдік полиция автокөлігінің үстіне түсіп, тағы бір көлікті басып қалған. 2 полиция қызметкері мен 2 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Жалпы, күре жолға құм аралас тұз себу жұмыстары жүргізілгенше жол жабылып, мыңға жуық автокөлікке көмек көрсетілді. Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанның облыс аумағындағы бөлігі ашық. Дегенмен мамандар жүргізушілерге жол қауіпсіздігін қатаң сақтауды ескертеді.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу