Алматыда жауған қалың қар тұрғындарды әбігерге салуда. Ондаған әуе рейсі кешігіп, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қалған.
Қуан Нұрақын, тілші:
Түнде басталған қар таңертеңгі сағат 10:00-ге дейін толассыз жауды. «Казгидрометтің» хабарлауынша, ақ ұлпаның қалыңдығы таулы жерлерде 20 сантиметрден асқан. Бұл бір айлық норманың 26%-ы. Жұмысқа асыққан тұрғындар бүгін діттеген жеріне уақытылы жете алмай, әбігерге түскендерін айтады. Жол, әсіресе аялдама маңы әлі дұрыс тазаланбаған. Қардан тазарту үшін 500-ге жуық техника мен мыңнан аса жұмысшы тартылған. Коммуналдық қызмет түннен бері қауырт жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Соған қарамастан қала ішінде қозғалыс қиын. Ұшақ рейстері де уақытынан кешігіп жатыр. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Алматы-Астана», «Алматы-Шымкент» сынды 7 бағытқа жолға шығуы тиіс ұшақтың уақыты кейінге шегірілген. Арасында халықаралық рейстер де бар. Қазір ұшу-қону жолағы қардан тазарту жұмыстары қолға алынған.
Қуан Нұрақын
