Электр энергиясы тарифтерінің қайсысы тиімді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электр энергиясы тарифтерінің қайсысы тиімді?

07.01.2025

Қазақстан 147 елдің ішінде электр энергиясы бағасының арзандығы бойынша 24-ші орында тұр. Global Petrol Prices жүргізген зерттеу нәтижесі осылай дейді. Сарапшылардың болжауынша ел халқы электр қуаты үшін дүние жүзіндегі орташа көрсеткіштен 3,5 еседей аз төлейді.

Жеке тұлғалар электр энергиясы тарифтерінің 2 түрін таңдай алады. Олар «орташа босату» және «Сараланған» тарифтер. Мысалы, Астанада «Орташа босату» тарифінің бағасы 1 кВт/сағ үшін 23,13 теңге. Егер сіз 1 айда 300 кВт электр энергиясын қолдансаңыз, онда 6939 теңге төлейсіз. Тарифтің бұл түрі аз адаммен үлкен үйде тұратындар үшін тиімсіз.

 Ал «Сараланған тариф» ең төменгі, орташа және ең жоғары деп 3 деңгейге бөлінеді. Әр деңгейдің белгіленген бағасы мен шектеуі бар. Мысалы, бірінші деңгей 90 кВт сағатқа дейін. Оның бағасы 18,66 теңге. Екінші деңгей тоқсаннан 180 кВт сағатқа дейін. Ол 27,75 теңге. Егер 180 кВт сағаттан жоғары болса, ол үшінші деңгейге өтіп, 34,70 теңгемен есептеледі.

  Аман Боранбай, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма басшысы:

Сараланған тариф бойынша айтсақ, ол электр энергиясын қолданатын көлеміне байланысты және тіркелген адам санына байланысты үнемдей алады. Егер, абоненттің артында бірнеше адам тіркелген болса, онда оған сараланған тарифпен төлеу үнем болады.

Заң бойынша отбасындағы әр адам айына 90 кВт сағат электр қуатын тұтынуға құқылы. Мысалы, үйде тек бір адам тіркелген. Ол айына 200 кВт қолданды делік. Онда ол өзіне тиесілі 90 кВт сағатты ғана ең төменгі деңгеймен төлейді де, қалған 110 кВт екінші және үшінші деңгеймен есептеледі. Қымбат шығатыны да содан. Ал егер пәтерде 3 адам болса, оларға 270 кВт тиесілі. Сондықтан барлығын ең төменгі деңгей 18,66 теңгемен төлей алады.

Ескеретін жайт, пәтерде тіркелген адамдар саны туралы ақпарат «Астанаэнергосбыт» ЖШС деректер қорына автоматты түрде түспейді. Оны өзіңіз өзгертесіз.

Ерлан Мұқышев, №2 қызмет көрсету орталығының басшысы:

Егер тұтынушылар адам санын өзгерткісі келетін болса, онда сервис орталықтарына келуіне болады. Тұтынушыларда жеке куәлігі болу керек және eGov mobile сол телефонға тіркелген болу керек. Сол арқылы біз өзіміздің eGov арқылы шығарып бере аламыз.

Үйде тұратын адамдардың санын «Qalaqyzmet.Kz» порталы арқылы да онлайн өзгертуге болады. Тек мекенжай бойынша тіркелген тұлғалар туралы мәліметтерді қоса берсеңіз болғаны. Еске салайық, адам санын көбейту тек электр тарифінің бағасына ғана оң әсер етеді. Коммуналдық төлемнің басқа түрлеріне қатысы жоқ.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу