Астана-Петропавл тасжолында апатқа ұшыраған 95 көліктің шығыны қалай өтеледі?
Астана-Петропавл тасжолында болған жаппай жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Оқыс жағдайдан жапа шеккен 31 адам мен зақымдалған 95 көліктің иесіне өтемақыны кім төлейді? Шығынға батқандар кімге жүгінуі керек?
Бұл - 3 қаңтар күні Астана-Петропавл тасжолында болған жол апаты. Елордаға бағыт алған 100-ге жуық көлік бір-біріне соғылған. Жол-көлік оқиғасына бет қаратпас ақтүтек боран себеп болған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жүргізушілер жылдамдықты азайтпаған, дейді қазавтожол өкілдері.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» АҚ ресми өкілі:
Жүргізушілердің жылдамдық пен арақшықтықты сақтамауының салдарынан осындай жол-көлік оқиғасы болды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде видеоға түскен бейнелерді көрсеңіздер, көліктер соқығысқан кезде олардың орташа емес, үлкен жылдамдықпен келіп соқтығысқаны көрініп тұр.
Сол күні көліктер лег-легімен жіберіліп, оларды полицейлер бастап жүрген. Дегенмен арасында діттеген жеріне асыққандар көп болған. Қазір жол жүру ережесін бұзуға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Әлия Біләлова, Ақмола облысы ПД жетекші маманы:
ҚР ҚК 345-бабы, 1-бөлігі «Жол қозғалысына қатысушыларының абайсызда орта дәрежелі денсаулыққа зиян келтірген жол қолғалысы ережелерін бұзу» және 350-бабы «Көлікте қолданыстағы ережелерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Сол күні жылдамдықты асырған 19 жастағы астаналық тұрғын екі бірдей бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 40 мың теңге айыппұл арқалаған. Белгілісі - соғылған көліктер саны 95. 31 адам түрлі дене жарақатын алған. Оның 10-ы ауруханаға жатқызылса, 21 амбулаториялық ем алуға жіберілген. Осы тұста туындайтын заңды сұрақ - зардап шеккендер өтемақысын қалай өндіреді? Бұл тұрғыда ерікті сақтандыру шарты барлардың шығынын өтеу жеңіл, дейді мамандар.
Қанат Бимақанов, «Еуразия» сақтандыру компаниясының өкілі:
Міндетті сақтандыруды айтып отырсақ, заң бойынша 600 АЕК төленеді. Қаңтардың 3-і күні болған жол апаты бойынша 3 азамат өтініш жазды. Өтініштер ерікті сақтандыру бойынша жазылды. Құжаттар түгел болса, төлем төленеді. Заң бойынша 15 жұмыс күнінің ішінде төленеді.
Егер апатқа кінәлі азамат шығынды сақтандыру компаниясы арқылы өтейтін болса, компания көп дегенде 2 мың АЕК көлемінде өтемақы бере алады. Бұл теңгеге шаққанда 7,8 млн теңгеге парапар. Осы соманы барлық зардап шеккендерге бөлсек, әрине шығын қайтаруға жетпейді. Сондықтан жапа шеккендер ұжымдасқан түрде сотқа жүгіне алады. Айта кету керек, құзырлы органдар қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
