Қызылорда облысында жаңа нысандар ел игілігіне берілді
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған білім ордасы бір ауысымда 300 оқушыны қабылдайды. Жыл басында ауыл-аймақта бірқатар жаңа нысандар ашылып, игі жобалар іске асты.
Жаңарық ауылының тұрғындары жаңа мектептің салынуын 11 жыл күтті. Енді, міне, көптің талап-тілегі орындалып, заманауи білім ордасы пайдалануға берілді. Мұнда ауыл балаларының сапалы білім алуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жайлы ғимаратта 500 оқушы екі ауысыммен білім алады. Нысанның ашылу салтанатына оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, елдімекен жұртшылығының қуанышына ортақтасты.
Мәжит Тәшімов, ауыл тұрғыны:
Алдындағы мектебіміз 1986 жылы соғылған еді. Ол жерде 192 орындық еді. Соған 518 бала сыйыспағаннан, біз 13 жылдан бастап осы мектеп мәселесін үлкен жиындарда жеткізіп отырдық. Бұл мектеп үлкен мереке болып тұр.
Ал Шиелі ауданының Ортақшыл ауылы үшін Жаңа жыл жарқын сәттермен басталды. Елдімекенде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық нысанда қажетті қондырғылармен жабдықталған зертхана және ем-дом жүргізетін кабинеттер мен арнайы төсек-орын қаралған. Сондай-ақ, осы күні ауылға табиғи газ берілді. Отын жағып, күл шығару бейнетінен құтылған тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп, дән риза.
Базаркүл Ақпанбет, ауыл тұрғыны:
Біріншіден, газ кіріп жатыр, оған қатты қуанып жатырмыз. Екіншіден, дәрігерлік амбулаториямыз іске қосылды. Бәрі бірдей қосылып, ел болып, халық болып қуанып жатырмыз.
Мұнан бөлек, Жаңақорған мен Шиелі кентінде 244 отбасы баспаналы болды. Жаңа қоныс жайлар тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы жандарға берілді. Шиелі жұртшылығы үшін тағы бір қуаныш «Руханият орталығы» іске қосылды. Аудандағы түрлі ұйымдар бір ғимаратқа шоғырланып, мұражай, кітапхана, мұрағат мекемелері жаңа нысанға көшті.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
