Қызылордада «Сыр жастары» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Игі жоба аясында 100 жас маман бүгінде жаңа баспанаға ие болды. Бұл бастамаға жергілікті әкімдік пен «Отбасы банк» Акционерлік қоғамы қаржы бөліп, аймақ жастарына қолдау көрсетті.
Ботагөз Қожагелдиева жас дәрігер. Облыстық ана мен бала орталығында жұмыс істейтін жас маман биыл «Сыр жастары» бағдарламасы арқылы күтпеген жерден үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Жаңа жыл қарсаңында жаңа қонысқа ие болған ол «бұл еңбек жолын енді бастаған жастарға жасалған үлкен қамқорлық»,- деп есептейді.
Ботагөз Қожагелдиева, қала тұрғыны:
«Сыр жастары» бағдарламасы - бұл Қызылорда облысымыздың жастарына үй алу үшін өте үлкен мүмкіндік болып отыр. Қазіргі таңда осы бағдарламаның негізінде жаңа жыл қарсаңында 14 жылға 5 пайызбен осы 10 пайыз жарнаны сала отырып, үй алып отырмыз.
Облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» бірлескен бағдарламасы аясында биыл аймақ жастарына 100 пәтер берілді. Игі жоба 35 жасқа дейінгі түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандарға арналған. Салымшылар үйдің 10 пайыз алғашқы жарнасын төлесе жеткілікті. Бұл байыпты бастама келер жылы да жалғасын таппақ.
Дастан Тасыбаев, «Отбасы банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары:
Осы жастарға, жас мамандарға жалпы жақсы мүмкіндік. Желтоқсан айында тағы да жергілікті мәслихаттан шешім қабылданып, тағы 1,2 млрд. қаражат бөлінді. Банк тарапынан қосымша 500 млн қаражат бөлініп, келесі 2025 жылға осы бағдарлама жалғасын табады.
«Сыр жастары» бағдарламасы бойынша бүгінде қалада көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Яғни, басында баспанасы жоқ тағы 100 жас маман алдағы жылы үйлі болу бақытына бөленеді.
Әділбек Серікұлы