Ақтаудағы ұшақ апаты: Көмек көрсеткен тұрғындарға мемлекеттік наградалар табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтаудағы ұшақ апаты: Көмек көрсеткен тұрғындарға мемлекеттік наградалар табысталды

06.01.2025

Марапатталғандардың арасында оқиға орнына бірінші жетіп, жарақат алған жолаушыларға қол ұшын созған қарапайым тұрғындар да бар. Апат болған сәтте өрт сөндірушілер, медицина мамандары, полицейлер мен әскери қызметшілер жедел қимылдап, ұйымдасқан түрде жұмыс істеді. Сондықтан оларға Мемлекет басшысының жарлығымен екінші және үшінші дәрежелі «Айбын» ордені, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Құрмет» ордендері берілді.

Ақтау әуежайының жанында орналасқан 30153 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Нұрлан Ботағарин Рахымжан Қошқарбаев атындағы үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол сол күні әдеттегідей жұмыста болған. Ұшақ құлағанда апат болған жерге дереу жетіп, зардап шеккендерді құтқарды. 

Нұрлан Ботағарин, әскери қызметші:  

Бір азғантай адам мінетін шағын ұшақ болып көрінген болатын. Қасына келгенімде толы, іші толы жолаушыларды көргенімде шошып қалғаным рас. Шамамен 10 шақты адамның жобасындай көмек көрсеткен болатынмын. Мен бұл марапатымды өзімнің ерлігім деп және батырлығым деп санамаймын. Әрбір азамат алғашқы көмек көрсетуге міндетті және борышты.  

Түпқараған ауданы Аташ кентінің тұрғыны Эльмира Әкібаева ұшақ құлаған кезде әріптестерімен бірге автобуста болған. Олар ойланбастан көлікті оқиға орнына бұрып, құлаған ұшаққа бірінші жетті. Жедел-жәрдем келгенше жараланғандарды автобусқа отырғызып, алғашқы көмек көрсеткен. Эльмира Әкібаева ерлігі үшін Президенттің алғысымен марапатталды.   

Эльмира Әкібаева, Аташ кентінің тұрғыны: 

Сол кезде мен ештеңеден қорыққан жоқпын. Менің бар мақсатым құтқару болды. Барлығы өмір сүргісі келіп, көмек сұрап жатқан. Жарақаттанған қыз бала болды. Сол қыз баланың айтқаны әлі есімде. «Меня оставьте, там моя мама осталась», - деді шамамен 8-10 жастағы қыз. Сол қызды мен барынша тыныштандырдым. Анаң тірі деп, бірақ анасының кім екенін де білмеймін. 

Ал облыстық аурухананың жалпы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Қойбеков «Құрмет» орденімен наградталды. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер зардап шеккендердің ауыр жағдайда жеткізілгенін айтады. Мамандар қабырғалары сынып, өкпелері қысылған науқастарға ота жасап, аман алып қалды.  

Бақытжан Қойбеков, Облыстық көпбейінді аурухананың жалпы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

Енді мұндай жағдай елімізде ешқашанда болмасын. Бұндай апаттық жағдай өте ауыр жағдай ғой. 11 науқасты да аман есен алып шықтық. Өз елдеріне, өз отбасыларына аман-есен жібердік. Ол бір адамның жұмысы емес, барша біздің әріптестеріміздің арқасы. 

Апат болған кезде ерлік жасаған 19 адамға мемлекеттік награда табысталды. Тағы 50 адам Президенттің алғысымен марапатталды. Еске салайық, ұшақ апаты 25 желтоқсан күні болды. Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде Бакуден - Грозныйға бағыт алған Әзербайжан ұшағы құлап, 38 адам қаза тапты. Тұрғындардың, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің арқасында 29 адам аман қалды.  

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу