Жыл қорытындысы: Бейбіт күннің батырлары кімдер? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Бейбіт күннің батырлары кімдер?

30.12.2024

Өз басын қатерге тігіп, адам жанына араша түсу – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы қашан да жоғары құрметке лайық. Бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін оқыс оқиғалар кезінде дәлелдеп жүрген жандар аз емес. Олардың ерлігі – көпке үлгі.

Жан ұшыра айғайлап, көмек сұраған баланы Әлихан Жақсылық құтқарып қалған. Оқиғадан 2 сағат бұрын ғана Алматыға табаны тиген ол сол күні жалдамалы пәтер іздеуге шыққан екен. Жолай суға батып бара жатқан баланы көргенде ойланбастан қоршаудан суға секіріп, көмекке ұмтылған.

Әлихан Жақсылық, Қызылорда облысының тұрғыны:

Әрбір секунд маңызды болды. Содан ойланбастан бірден суға секіріп, батып жатқан баланы құтқарып, алғашқы жәрдем көрсеттім. Азаматтық парыз ғой. Және бұл ісімді аса батырлық іс істедім деп ойламаймын.

Бұл - Жамбыл облысында болған жантүршігерлік жол апаты. Мойынқұм ауылының тұрғыны Мәди Әлиев жарылыс қаупіне қарамастан, өртеніп жатқан көлікке қарай ұмтылып, 5 адамды сыртқа алып шыққан.

  Мәди Әлиев, Жамбыл облысының тұрғыны:

Қасымдағы кісілер айқайлап жатты. «Көлік жарылады. Кейін қаш», - деп айтып жатты. Оған құлақ аспадым. Шырылдаған дауыстар шығып жатты. Тек адамдарды аман алып қалу болды. Өзімді де ойлаған жоқпын. Аман алып қалсам екен, тірідей жанып кетпесе екен деген ой болды.

Полиция сапында қызмет атқаратын Жангелді Қалиевтің де әр күні қауіпке толы. Сондықтан физикалық және моральдық дайындығын жиі пысықтап тұрады. Жағдай қалай өзгерсе де, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндетім, дейді тәртіп сақшысы.

  Жангелді Қалиев, қалалық патрульдік полиция полкінің инспекторы:

 «Ер жігіт болған соң еліне қызмет ету керек» деген. Елге қызмет етіп, абыройымызды асқақтатып жатырмыз. Халықтың тыныштығын қамтамасыз ету - әрбір ер жігіттің міндеті деп ойлаймын. Отан алдындағы борышын атқару керек.

Жангелді Қалиев – биыл Алматының үздік партрульдік полицейі атанды. Қызметін адал атқарғаны үшін Ішкі істер министрінің алғыс хаты табысталған.

 «Нар тәуекел – ер ісі». Ерлікке барған азаматтардың еңбегі еленбей қалмайды. Суға кеткен баланы құтқарған Әлихан Жақсылық пен адам жанына араша түскен Мәди Әлиев Төтенше жағдайлар министрінің арнайы медалімен марапатталды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу