Оңтүстік Кореяда ұшақ апатына байланысты қаңтардың 4-іне дейін, яғни бір апта аза тұту күні жарияланды. Лайнер бортында болған 179 адам қаза тапқаны ресми түрде расталды. Экипаждың екі мүшесі тірі қалған. Олар ауруханада жатыр. Әзірге Jeju Air компаниясына тиесілі ұшақтың не себепті апатқа ұшырағаны белгісіз. «Боинг» құстармен соқтығысуы, қозғалтқыш пен шассидің істен шығуы, ұшу-қону жолағының ұзындығы жеткіліксіз болуы мүмкін деген бірнеше нұсқа айтылып жатыр. Екі қара жәшік табылды, олар апаттың неден болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Еске салайық, жексенбіде Бангкоктан шыққан ұшақ Оңтүстік Кореяның Муан қаласы әуежайына қону кезінде апатқа ұшырады. Лайнер ұшу-қону жолағынан тыс қоршауға соғылып, өртенген. Ұшақта болған жолаушылардың 173-і - Оңтүстік Корея, екеуі - Таиланд азаматы. Бұл оқиғадан кейін Jeju Air компаниясынан алынған 68 мыңдай билет кері қайтарылған.
Арай Төлегенқызы