Шетелдерде тұрып жатқан қазақтар да Жаңа жылды «Qazaqstan» Ұлттық арнасымен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Біздің арнамыз хабар тарататын елдердің арасындағы уақыт айырмашылығы 6 сағаттан асса да, ортақ мәдениет пен құндылық, елге деген сағыныш басымызды бір арнада тоғыстырады, дейді олар.
Уатхан Сүйенішұлы – Баян-Өлгей қаласының тұрғыны. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Атамекендегі әр жаңалықты қалт жібермейді. Мереке күндері көрсетілетін концерт, фильмдер мен түрлі шоу-бағдарламаларды тамашалап, елге саяхат жасағандай жасап қаламыз, дейді ол.
Уатхан Сүйенішұлы, Баян-Өлгей қаласының тұрғыны:
Ұлттық арнадан ақпарат жағдайын көп тыңдаймыз. Оны Баян-Өлгейдің түбіндегі азғантай қазақ емес, қырдағы-ойдағы бүкіл мұсылман баласы көріп, тыңдап отыр. Соны көргенімізге риза болып отырамыз. Ал «Балапан» арнасымен немерелеріміз есейді. Соның бәрін қызықтап, тамашалап отырамын.
Франциядағы қандастар «Qazaqstan» телеарнасындағы «Ахмет – ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» телекихаяларын ерекше атайды. Енді жаңажылдық бағдарламаны, 1 қаңтарда көрсетілетін «Нурикамал» фильмін асыға күтіп отыр. 100 пайыз таза қазақ тіліндегі хабарлар құлақ құрышын қандырып, жаныңды рахатқа бөлейді, деседі диаспора өкілдері.
Тәбәрік Долу, Франция қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Сіздер арқылы өз тілімізді естігенде қуанышымызды айтуға тіліміз жетпейді. Ата-жұртта болғанды теледидар арқылы күнбе-күн, сағатына шейін біліп, шетелде жүрсек те сіздер арқылы Қазақстанның дәл ортасында отырғандай боламыз. Жұмыстарыңыз сәтті, жолдарыңыз ашық болсын.
Динара Салинқызы 11 жылдан бері Стамбұлда тұрады. Жас маман күнделікті жұмыстан соң Ұлттық арнаны тамашалауды әдетке айналдырған. Отбасымызбен сериалдарын, бағдарламаларын тағатсыздана күтеміз, дейді ол.
Динара Салинқызы, Стамбул қаласының тұрғыны:
Үнемі «Qazaqstan» телеарнасын көреміз, ашып қоямыз. Осы Жаңа жылда да ашып қоямыз, концерттерін көреміз. Бағдарламаларын өте жақсы көреміз. Қазақстанды, елімізді сағынғанда Ұлттық телеарнамызды ашып қоямыз. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды да Ұлттық арнамыздан білеміз.
Мажарстанда тұрып жатқан қандастарымыз да Қазақстанға жалынды сәлемімен қатар Ұлттық арнаға деген ыстық ықыласын жеткізді.
Жанаргүл Бақтыгерейқызы, мажар-қазақ мәдени ұйымының төрайымы:
Концерттік бағдарламалар, әртүрлі іс-шараларды осындай Жаңа жылда үйде қосып қойып, қарап, көңілімізді көтеріп отырамыз. Сіздерге және Ұлттық арнамыз «Qazaqstan» телеарнасына алғысымыз шексіз.
Көрші Ресейдің Түмен облысында тұратын қандастарымыз да затымыз жат жерде болғанымен Ұлттық арна арқылы Сіздермен бірге жүргендей боламыз, дейді.
Майра Сарбалинова, Түмен облысының тұрғыны:
Жаңалықтарды «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан көріп тұрамыз. Бұл телеарна бізге өте ұнайды. Жаңа жылда міндетті түрде көреміз. Жаңа жыл құтты болсын!
Ұлттық арнада келер жылы да тартымды, танымдық жаңа бағдарламалар төріңізде тұрған теледидар арқылы сіздерге жол тартады. Ұлттық арна қосулы болсын!
Оңғар Алпысбайұлы
