Ақтауда ұшақ апаты болған қайғылы сәтте Төтенше жағдайлар қызметкерлері жедел қызмет көрсетті. Оқиға орнына алғаш келгендердің қатарында Апаттар медициналық орталығы филиалының дәрігері Оспан Оразбеков те бар. Ол әріптестерімен бірге зардап шеккендерге шұғыл көмектесіп, ауруханаға жедел жеткізген.
Оспан Оразбеков, облыстық Апаттар медициналық орталығының дәрігері:
Бізге апат болғаны жайында команда түсті. Дереу сол кезде оқиға орнына бет бұрдық. Жүргізушіміз Қожабек, фелдшер Заманбек үшеуміз. Барған кезімізде ұшақтың артқы бөлігі жерде жатқанын көрдік. Бас жақ бөлігі әріректе өртеніп жатыр. Барған кезде көргеніміз халықтың да көмегі тиді. Себебі бізден бұрын ұшақ құлаған жердің қасындағы зауыт қызметкерлері де барып жатқан кез екен. Ұшақ аудырылып түскен, ішіндегілер бастары төмен қарап, аяқтары жоғары қарап қауіпсіздік белбеуіне ілініп тұр екен. Екі науқасты босаттық та, сыртқа шығардық. Орындықпен бортқа қысылып жатқан әйел кісі болды. Оны шығарып мен өзім жол ашылған соң ішке кірдім де, жас балалар, жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер бар ма, деген оймен уақытты созбай ары қарай ішіне кірдім. Ішіне кірсем ұшақтың ол жағында да орындықтарға қысылған науқастар болды. 8 науқасты шығардық сыртқа, соның 7-еуін өзіміздің автокөлігімізге сыйғанша салдық та, ауруханаға тасымалдадық. Қалған жағдайы ауыр емес жарақат алғандарды сол жерде қалдырып, артымыздан және жедел жәрдем бригадасы келді. Соларға тапсырып, біз дереу ауыр халдегі науқастарды ең бірінші болып ауруханаға әкеліп жеткіздік. Аурухананың қызметкерлері де есіктерін ашып, барлық қызметкерлері де дайын тұр екен есік алдында.
Аягөз Оралбайқызы
