Финляндия қазақтары домбыра үйрететін курс ашып, құрақ көрпе тігуді қолға алмақ. Ұрпақтары тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмытпасын деп өздері қолдан келгенді жасап жатыр. Бірақ «Скандинав еліне киіз үй жеткізуге отандық кәсіпкерлерден көмек болса», дейді. Жырақтағы ағайын Жаңа жыл қарсаңында бас қосып, болашаққа жоспарларын пысықтады.
Финляндияда қазір 500-ден астам қазақ бар. Олар ел астанасы Хельсинкиден берісі 100, әрісі 1000 шақырымнан астам жердегі елді мекендерде тұрады. Ара қашықтыққа қарамастан жылына бірнеше рет басқосуды әдетке айналдырған. Бірге ұлттық тағамдарды пісіріп, 6 жыл бұрын құрылған «Сәуле»мәдени қоғамының жұмысын жандандыруды талқылайды.
Гаухар Әлімханова, Финляндиядағы «Сәуле» мәдени қоғамының төрайымы:
Мәдени қоғамымыздың мақсаты болашақтағы жоспарымыз қазақ тілін дамыту. Қазақ салт дәстүрін енгізу, ұмытпау, жиі жиі кездесу. Себебі, шетелде тұрғаннан кейін бізге оңай емес, қазақшылығымызды жетектеп алып жүру.
Финляндиядағы қандастарды алаңдататын басты мәселе-өскелең ұрпаққа ана тілін үйрету. «Тіл жоғалса, ұлт жоғалады»-деп қауіптенеді аға буын өкілдері. Жастар қазақшаны ата-анасынан, «Отандастар»қорының онлайн курстарынан үйренуге тырысып жүр. Бірақ, тәжірибе жетіспейді.
Анна-Айсұлу Хатенэ, Финляндиядағы Қазақ диаспорасының мүшесі:
Қазақ тілін онлайн үйреніп жүрмін. Бәрін түсінемін, бірақ, еркін сөйлей алмаймын. Әкем фин, анам қазақ. Көзім қазақтардікіндей қойкөзді қоңыр болғанына қуаныштымын. Қазақтың мәдениеті бай екенін мектепте үнемі айтып отырамын.
Қазақтың жыр, термелерін, дәстүрлі ән өнерін финдерге шардаралық Гүлжаухар насихаттап жүр. Әкесінің жұмыс бабымен Астанадан жақында қоныс аударған кішкентай Айлин жирен шашты жиендерге Жетіген үйретуді бастады. Бәрі бірігіп, Наурызда үлкен концерт қоймақ.
Гүлжаухар Кенжебекқызы, Финляндиядағы «Сәуле» мәдени қоғамының мүшесі:
Домбыра үйретуді қолға алғым келеді. Тартам деген адамдар, бала шаға болса, планда бар. Құрақ көрпе, құрақ жастық тіккім келіп жүр. Соны бастағым кеп жүр. Құдай қаласа, өзім әбден үйреніп алғаннан кейін достарыма, таныстарыма, қыздарыма үйретсем деген ойым бар.
Шынар Әлімхан, Финляндиядағы «Сәуле» мәдени қоғамының мүшесі:
Еліме айтатыным, заманымыз тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын. Ауызбіршілігіміз мықты болып, қазақ патриотизмді жоғалтпайық.
Туған жердің қадірін шетте жүріп терең түсінген Финляндия қазақтары ұлттық құндылықтарды түгендеуге бар күш-жігерлерін салмақ. Шеттегі қандастарымыз қазақ елі мен руханияты үшін маңызды жобаларға да өз үлесін қосуға дайын.
Нұрсұлу Қасым