Ұшақ апатынан 29 адам аман қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ апатынан 29 адам аман қалды

25.12.2024

Ұшақ апатынан 29 адам аман қалды. Оның екеуі бала. Дәрігерлер екі науқастың жағдайы өте ауыр екенін айтады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік ететін үкіметтік комиссия Ақтауға жетті. Сондай-ақ, Әзербайжан Төтенше жағдайлар министрі бастаған делегация да келді. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтсын.

Күндізгі сағат 11-дің шамасы. «Баку-Грозный» бағытындағы жолаушылар ұшағы Ақтау қаласынан 25 шақырым жердегі теңіз жағалауына құлады. Оқиға орнынан алғашқы болып жеткен 50-ден астам құтқарушы бірден тірі қалғандарды сыртқа шығарып үлгерді.

Осы кезде құтқарушылардың бір тобы жанталасып өртті сөндіруге барын салды. Ал зардап шеккендерді құтқаруға 22 жедел-жәрдем мен 6 медициналық орталықтың мамандары жұмылдырылды. Зардап шеккен 29 адам ауруханаға жеткізілді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Облыстық ауруханада хирургиялық, травматологиялық және реанимациялық орындарды қосқанда 40 орын дайындаған. Облыстық балалар ауруханасыда 30 орын әзірленді. Ауруханаларға барлығы 29 адам жеткізілген. Оның 27-сі осы облыстық ауруханаға, екі бала балалар ауруханасына жатқызылды.

Зардап шеккендер 17 мен 70 жас аралығындағы азаматтар. Қазір олардың кім екенін мамандар анықтап жатыр. Екі науқастың жағдайы өте ауыр.

Жанар Байманова, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы:

27 науқастың барлығына диагностикалық шаралар көрсетілді. Уақытында тексеру жасалып, дәрігер қарады. 11 науқас жалпы жансақтау орталығына жатқызылды. Жағдайлары ауыр, оның ішінде екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалған 16 науқас травматология, нейрохирург, хирургия бейімдеріне жатқызылды.

Ұшақ апатын естіген ақтаулықтар қан тапсыру орталығына барып, жаппай қан тапсырып жатыр. Дәрігерлер қан тапшы емес, дейді. Сонда да жанашырлық танытқан азаматтардың бәрін қабылдап, мамандар жұмыс уақытын бірнеше сағатқа созды.

Әли Қабақов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Осындай қиын кезде азаматтық борышымыз деп есептейміз. Осы қан орталығында сол зардап шеккен ұшақтағы бауырларымызға да осындай көмегімізді көрсетейік деп қан тапсыруға келіп тұрмыз. 

Түс ауа Ақтауға Әзербайжан республикасынан арнайы делегация келді. Оны Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі бастап келген. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі және туыстарын іздеп келген шетел азаматтары қонақ үйлерге орналастырылмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу