Жетісу өңіріне 187 дәрігер қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу өңіріне 187 дәрігер қажет

21.12.2024

Жетісу облысының емдеу мекемелеріне 187 дәрігер қажет. Әсіресе жалпы тәжірибедегі дәрігерлерлер таптырмайды. Одан кейін акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтар мен мен хирургтер тапшы. Биыл өңірге 45 жас маман келіп, еңбек жолын бастады. Ауылға барған дәрігерге 10 млн, қалаға жұмысқа тұрған маманға 5 млн теңгеден әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Тахмина Жазыбаева Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылына отбасылық дәрігер болып биыл ғана келді. Бұған дейін елді мекен тұрғындары аудан орталығына немесе Талдықорғанға барып қаралатын.

Гүлғайша Қайранбаева, ауыл тұрғыны:

Ауылымызда мынандай білікті дәрігерлер болмағанда біз мына Қарабұлақ ауылына, ауданға баратынбыз. Өзіміздің терапевт-дәрігерлер болады. Осы участоктен жолдама жазып береді. Сол бойынша біз дәрігерлерге қаралатынбыз. Енді ауылымызға мынандай білікті мамандаркеліп жатқаннан кейін бізге өте тиімді.

Бұл ауылда 2100 адам тұрады. 500-ге жуық бала бар. Тахмина Жазыбаева күнделікті қабылдап, ем-домын жасайды. Ауылға келген жас маманның бірден әлеуметтік мәселесі шешілді. Мемлекеттен бір реттік көмек ретінде 10 млн теңге қаржы берілді. Алаңсыз жұмыс істеуге толық негіз бар, - дейді дәрігер.

Тахмина Жазыбаева, отбасылық дәрігер:

Жаңа жылдан кейін бұйырса біз жаңа амбулаторияға көшеміз. Бұл халыққа өте ыңғайлы деп ойлаймын. Және де көптеген профилактикалық жұмыстар жасалады деген сенімдемін. Көптеген жаңа жабдықтар береді деп ойлаймын. Бұл өте тиімді және ыңғайлы.

Тағы бір жас маман Қарабұлақ ауылындағы емханаға жалпы тәжірбиедегі дәрігер болып орналасты. Қазақстан-Ресей медициналық университетін тәмәмдаған Ботагөз Қасенова Талдықорғанда туып өсті. «Бірақ ауылда тәжірибем тез шыңдалады» деп әдейі келгенін айтады.

Ботагөз Қасенова, дәрігер:

Бірінші жұмысқа тұрған кезде барлық кісілер еңбек демалысына кеткен болатын. Сол кезде өзім жалғыз отырып, 50-70 адамды қабылдаған кезде мен осы 2-3 жылда алатын тәжірибені бір-ақ күнде алдым десе болады.

Ескелді ауданына биыл 8 маман келді. Олардың бесеуі әлеуметтік қолдауға ие болды. Бірақ ауданға әлі де білікті дәрігерлер қажет.

Саят Тікенбаев, емхана меңгерушісі:

2025 жылға біздің тарапымыздан тағы да 4 жалпы тәжірибелік дәрігерге және дәрігер-офтольмологқа сұраныс берілген.

Айта кету керек, өңірде зейнет жасына жетсе де еңбегін жалғастырып жатқан 200-ге жуық дәрігер бар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу