Маңғыстау облысында жалған диплом үшін айыпталған ұстаз қызметіне оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында жалған диплом үшін айыпталған ұстаз қызметіне оралды

20.12.2024

Маңғыстауда жалған диплом алды деп айыпталған мұғалім қызметіне қайта оралды. Оған қоса, ол мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалғаны үшін 3 миллион теңгеге жуық өтемақы өндіріп алды. Мұнайлы ауданындағы орта мектептердің бірінде 10 жылдан аса уақыт қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген ұстаз биыл «дипломы жалған» деген уәжбен жұмыстан шеттетілген. Жаламен келіспеген мұғалім құзырлы органға шағымданып, заңды дипломы барын дәлелдеді. Сотта орта мектептің мемлекеттік архивке жіберген сұранысында жеткілікті мәліметтер болмағандықтан қате анықтама берілген болып шықты. Сондай-ақ, білім басқармасы ұстаздың еңбек дауын қарау туралы өтінішін орындамаған.

Нұршат Өтеулиева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

Талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта қалпына келтіріліп, педогогтың пайдасына жауапкерден мәжбүрлі түрде болмаған кезеңдегі орташа жалақысы өндірілді. Алайда осы Мұнайлы ауданы сотының шешімімен келіспей жауапкер апеляциялық шағым келтірген болатын. Жауапкердің берген апеляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу