Павлодар облысында мал қорымдарының жоқтығынан бруцеллез өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Павлодар облысында мал қорымдарының жоқтығынан бруцеллез өршіп тұр

Павлодар облысында мал қорымдарының жоқтығынан бруцеллез өршіп тұр

Павлодар облысында бруцеллез өршіп тұр. Соңғы екі жылда 6 мыңға жуық ірі қарадан індет анықталған. Эпизоотиялық ахуал әсіресе Баянауыл ауданында оңбай тұр. Аурудың алдын алатын вакцина бола тұра індет неге тоқтамайды? Мәселенің мәнісін аймақтағы меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Павлодар облысында биыл 2043 ірі қара мен 126 ұсақ мал бруцеллез жұқтырған. Індетке шалдыққан малдың 55 пайызы Баянауыл ауданында. Ветеринариялық өлшем бойынша бұл дабыл қағатын жағдай. Бірақ былтыр, одан арғы жылы бұдан да көп болған. Сондықтан кейбір адамдар ауру малдан құтылуға асықпайды екен.

Ермек Әбенұлы, Ветеринарлық қадағалау басқармасының бас маманы:

Бір-біріне жұғады. Кейбір малдар уақытында тапсырылмай қалады. Және бұның басылмай тұрған ең басты себептерінің бірі мемлекет тарапынан қарастырылған екпе вакциналары жоқ. Мен өз басым солай деп ойлаймын.

Мал дәрігері бұрынғыдай тегін вакцина жоқ дейді. Өйткені жекенің малына мемлекет қаражат бөлмейді. Ал бір басқа қажетті дозаның құны – 1350 теңге. Зеңгі баба тұқымын табындап ұстайтындар үшін бұл әжептәуір ақша. Жеке шаруа қожалықтары вакцина үшін қомақты қаржы бөліп жатқанда шығар. Бір анығы оған ешкім бақылау жасай алмайды. Ал мал ұстап отырғандар аурудың таралуының басты себебін басқаша түсіндіреді.

Нұрдәулет Айтпаев, шаруа қожалығының басшысы:

Бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған мал қорымдары талан-таражға кетіп бұзылған. Қазір малдардың өлекселері ауылдан 500 метр жерге апарылады. Жылына бір мәрте ғана жағылады. Ол жерден ит, мысық, құстың бәрі ауылға тасиды. Оны сиыр қайтадан шайнайды. Ит маяға, шөптің үстіне барып жатады. Одан бруцеллездің сүйегін, етін жегеннен кейін аузындағы сілекейі тамады.

Ресми статистикаға қарағанда өңірдің 100-ге жуық ауылында мал қорымы жоқ. Бұл мәселенің жуырда шешіле қоюы да екіталай.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

Бізде 132 ауылдық округ бар. 352 ауыл бар. Әр ауылда бір мал қорымы болатын болса, бізге 5-6 млрд теңге қаражат керек. Ондай қаражат бізде жоқ. Оны бюджетке біз әзірше кіргізбейміз.

Ең қиыны бруцеллез малды қойып, адамға жұға бастады. Соңғы бірнеше жылда 255 адам сырқатқа шалдыққан.

Болат Аманбаев

Бөлісу