Мозамбикте алапат дауылдан қаланың 90 пайызы қирады
Мозамбикте «Чидо» дауылынан Пемба деген қаланың 90 пайызы қираған. Мұны ЮНИСЕФ ұйымының осы аймақтағы өкілі мәлімдеді. Дерекке сай, алапат циклоннан талай адам далада қалды. Жергілікті үкімет таратқан мәліметке қарағанда, қаза тапқандар саны 45-ке жетіп отыр. Ал көршілес Малавиде 13 тұрғын мерт болыпты. Қазір гуманитарлық ұйымдар зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Бірақ энергия және байланыс жүйесі зақымданғандықтан, халыққа жәрдемдесу қиынға соғып тұр.
Николас Вассуна, ЮНИСЕФ ұйымының қызметкері:
Бізде электр энергиясымен, интернетпен проблема бар. Көмек көрсетуде бұлардың маңызы зор. Әсіресе, жұмысты байланыссыз үйлестіру қиын. Бірақ соған қарамастан әрекет қылып жатырмыз. Ең алдымен жағдайы қиын отбасыларға жәрдемдесуіміз керек.
Дәл осы дауылдың соққысына Майотта аралдарында 100 мыңдай адам баспанасыз қалды. Қазір Франция Үнді мұхитындағы архипелагқа ұшақтармен көмек жөнелтіп жатыр. Өткен аптада бұл аумаққа сұрапыл циклон сағатына 200 шақырым жылдамдықпен соққы берді. Ресми мәлімет бойынша, одан 31 адам қаза тапқан. Бірақ болжамдарға қарағанда, мыңдаған адам қырылып қалса керек.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
