Басты Жаңалықтар Талғарлықтар қоныс тойын тойлады

Талғарлықтар қоныс тойын тойлады

Алматы облысы, Талғар ауданында 250-ден аса пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Солардың алғашқылары болып 50 отбасы жаңа пәтердің кілтін қолына алып, қуанышқа бөленді. Жаңа қоныстанушылардың арасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен үй кезегінде тұрғандар да баспаналы болды. Бұл жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Талғар ауданының құрылыс бөлімімен бірлесіп жүзеге асырылған.

Салиха Әбдірахманқызының шаңырағында – бүгін көптеп күткен қуаныш. Екі бірдей мүгедек баласы бар ана бұл жаңа өмірге бастайтын құтты қадам болды, - дейді. Қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған пәтер перзенттерінің күтімі үшін ыңғайлы әрі жайлы.

Салиха Әбдірахманқызы, Талғар ауданының тұрғыны:

13 жылдан бері осы пәтерде кезекте тұрамыз. Қуанып жатырмыз бүгін кілтімізді алғанымызға. Балаларымыз осы үйде бақытты болып, дендері сау болып, үбірлі-шүбірлі болса. Әкімге, біздің әкімшілікке, Тоқаевтың шығарған бағдарламасы пәтер алғанға, бәріне рақмет айтамын.

Бұл бастама тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуын нығайтуға ықпал етеді. Әр пәтер - тек жайлы баспана емес, әр отбасының жарқын болашаққа деген үміті, - дейді аудан әкімі. Жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтар қатарындағы кезекте тұрғандарға арналып тағы 47 пәтер сатып алу жоспарланған.

Танат Айдарбеков, Талғар ауданының әкімі:

Бұдан бөлек, қазір облыстан қаражат бөлініп, 150 пәтерге ақша бөлініп жатыр. Ол үйлердің қазір құрылысы аяқталуда. Келісім шарт жасап, алғашқы төлемдерін төлейміз. Наурыз айына дейін үйлерді бізге өткізіп береді. 450-ден астам пәтер беріледі. Осы 3-4 айдың ішінде.

Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін шешу – біздің басымдығымыз, - деді аудан басшысы. Тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жолында жасалған қадамдардың бірі ғана. Алдағы алты ай ішінде тағы да 250-ден аса пәтер пайдалануға беріледі.

Қуан Нұрақын


Бөлісу