Жетісу облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары пысықталды
Жетісу облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері екі жылда бағаны негізсіз көтерудің жолын кесу арқылы 466 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеді.
Ал құзырлы орган жанынан құрылған еріктілер тобы мемлекеттік сатып алуда 300 млн теңгеден астам бағаның негізсіз өсіру дерегін анықтаған. Қазіргі таңда өңірде 170 волонтер сыбайлас жемқорлықпен күресуге ат салысып, өз көмектерін көрсетуде. Талдықорғанда «Жемқорлық-індет, онымен күресу міндет» атты облыстық форум өтті.
«Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жыл басынан бері 2 қала мен 8 ауданда 50-ден астам елді-мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Жемқорлық тәуекелдерін анықтауға көмектесіп, халыққа құқықтық кеңес берді. Құзырлы орган басшыларымен жиындар ұйымдастырып, әр салаға жауапты мамандардың тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беруін қамтамасыз етті.
Бақыт Қалиева, «Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Нотариустер қатысты, сот орындаушылар қатысты. Содан кейін заңгерлер қатысты. Қоғамдық кеңестер қатысты. Аналар төрағалары қатысты. Ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты. Және жер қатынастары қатысты. Тіпті кейбір жерлерде санэпидстанция да қатысты. Өйткені сұрақтар солай туындап тұрды. Жергілікті ауылдардың әкімдердің өздері қатысып, сол тұрғындардың жеке сұрақтарына бірден жауап беріп, шешімін тауып берді.
Еріктілер сыбайлас жемқорлыққ қарсы қызмет мамандарымен мемлекеттік мекемелердің жұмысындағы кемшіліктерді жоюға да белсене араласып, 45 хат жолдаған. Сондай-ақ құзырлы органдар өкілдері жастармен де кездесулер ұйымдастырып, індеттің алдын алудың жолдарын бірге қарастыруды дағдыға айналдыруда.
Жасұлан Байтенов, Жетісу облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жеткізуіміз керек. Форумға жиналуымыздың басты мақсаты жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуалды жеткізу, құқықтық сауаттылықты арттыру, құқыққа қайшы келетін қандай да бір әрекеттерді жасаудың алдын алу.
Форум соңында үздік волонтерлер анықталып, ведомство мен қоғамдық бірлестіктің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
