Атырау облысында шаруалар мал азығына берілетін субсидияға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында шаруалар мал азығына берілетін субсидияға зәру

18.12.2024

Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде бір орама шөптің бағасы 12-13 мың теңгеге жетті. Осы күні 100 рулон шөптің құны - 1,3 млн теңге. Бірақ оның субсидиясы биыл төленбей жатыр деп шаруалар дабыл қағып отыр.

Азғыр – Құрманғазы ауданының Ресеймен шектесетін ең шеткі нүктесі. Қыстыгүні шаруалардың жайы не болмақ? Жауаптылар не дейді? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

Азғыр өңірінде шабындық ауқымы шектеулі. Негізінен көбі жайылымдық жерлер. Соған қарамастан шаруалар биылғы қысқа барынша дайындалған. Қыстақтарда жиналған шөп жеткілікті. Бірақ алыстан дайындалған мал азығының қымбатқа түсетіні қинайды.

Рамазан Қожанов, жеке шаруа:

250 орам шөп алдым. Енді алдағы уақытта төл алу науқаны келе жатыр. Наурызда төлдейді малымыз. Соған барынша дайындығымыз бар. Субсидия мәселесі бар, биыл берілмей қалды. Былтыр алып едік субсидияны. Үкімет жанынан төленбей жатыр.

Азғыр ауылы Атыраудан 600, аудан орталығынан 250-300 шақырым шалғайда орналасқан малды өңір. Мұнда аудандағы 635 шаруа қожалығының 60 пайызы орналасқан. Қожалық иелерінің талап тілегі бір. Субсидия мәселесі шешілсе екен дейді.

Мереке Мансұров, шаруа қожалығының жетекшісі:

Биыл 600-дей рулон дайындадым. 12-13 мыңнан алдық. Тракторымыз бар, техникамыз бар, оған шабатын жеріміз жоқ. Соған Үкіметтен жер бөлінсе. Ауыл шаруашылығына сондай көмектер болса деген ойдамыз.

Сүйіндік ауылдық округінде 56 шаруа қожалығы бар. Шабындықтың тапшылығынан шаруалар мал азығын көршілес Орал өңірінен сатып алуға мәжбүр. Сол үшін де мемлекет қолдауына зәру.

Асқар Мұфтах, Құрманғазы ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Былтыр осы округтен 28 шаруа қожалығы 169 млн теңге субсидия алды. Соның 121 миллионы шөпке алынған субсидия. Енді жасыратыны жоқ мал шаруашылығының өзі субсидиясыз, дотация-көмексіз болмайтыны белгілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы облыс әкімінің қаулысы дайындалып жатыр. Сол қаулы шыққаннан кейін білеміз.

Бар табысы төрт-түлікке тірелетін шаруалар тапқанымыз қысқы мал азығынан ауыспайды дейді. Осы орайда облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жағдайды зерделеуге кірісті.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу