Абай облысында 11 айда 307 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында 11 айда 307 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген

18.12.2024

Абай облысында құрылыс қарқын алып, тың жобалар іске асуда. Жаңа облыстың барлық саласы бойынша биылғы көрсеткіштер жоғары. 11 айда 471,6 миллиард инвестиция тартылған. Жол құрылысы жанданып, тұрғын үй мәселесі жедел шешімін тауып келеді. Өңірдегі жетістіктерді бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тұрғындарымен болған кездесуде жария етті.

Өңірде 11 айда 307 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Оның 78 пайызға жуығы Семей қаласында. Қосымша 58 шаршы метр баспана салынып жатыр. Облыс орталығындағы Қарағайлы ықшам ауданында құрылыс қарқынды. Аслан Ертісбаев аталған ауданнан баспаналы болғалы жылға жуықтады. Заманауи үлгіде салынған пәтердің сапасында мін жоқ, - дейді.

Аслан Ертісбаев, Семей қаласының тұрғыны:

Қарағайлы ықшам ауданы күннен күнге көркейіп келеді. Қасымызда керек десеңіз аренамыз бар. Балалалармен серуендейтін саябақтарымыз бар. Жақында ашылатын мектеп құрылысы жүріп жатыр. Балабақша бар. Менің ойымша бұл қарқын әлі де жалғасын таппақ.

Облыста биыл көлік - логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға 13,9 миллиард теңге бағытталды. Семей қаласының ішкі жолдарын айтпағанда республикалық, халықаралық маңызға ие трассалардың құрылысы жүргізілді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Қалбатау-Майқапшағай» бағытында жаңғырту жұмыстары жанданып, «Өскемен-Алматы» тас жолы арқылы көлік қатынасын толықтай іске қосты. Әсіресе орталықтан шалғай жатқан ауыл тұрғындары жол азабынан арылдық, деп риза.

Мақсат Райымбеков, Қарақол ауылының тұрғыны:

Семейдің өзіне біз 10 -12 сағат жүретінбіз. Қазір трасса жасалып халықтың көңілінен шығып, жол жақсы. Әрі кетсе 5-6 сағатта жетіп барамыз. Бұрын шаршатушы еді. Қазір демалып барамыз.

Семей қаласында жылдар бойы жырға айналған жылу мәселесі де шешімін туып келеді. Келер жылға республикалық бюджеттен 4 миллиардқа жуық қаржы бөлінбек. Жылу нысандары жаңартылып, тозығы жеткен желілер ауыстырылады.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

2023 жылдан бері инвесторлар есебінен 7 жылу нысанын жаңғырту мен 3 учаскеде жылу желілерін жаңалауға жобалық-сметалық құжат дайындалған. Қаланың оң жағалауында 146,99 Гкал энергия тапшылығы бар. Бұл мәселені жою үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Жылу энерго орталығын салу жоспарда. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды жақында аяқтайды.

Қазір өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп салынуда. Жақында 1200 балаға арналған еліміздегі тұңғыш ІТ мектеп қолданысқа берілді. Балаларды қосымша біліммен қамтуға арналған құны 11,5 миллиард теңге болатын көпфункционалдық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу