Қызылорда облысында баспанаға мұқтаж жандарға биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 2500 пәтер беріледі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сырдария ауданындағы 140 отбасы игі бастаманың шарапатын көріп, жаңа қонысқа ие болды.
Бүгінде өңірде халықты баспанамен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Әсіресе облыс орталығында ғана емес ауыл-аймақтарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл міне, бір Тереңөзек кентінде 12 мың шаршы метрді құрайтын жапсарлас 70 үй салынды. Жалпы соңғы екі жылда аймақта 4 мың пәтер табысталып, 17 мың адам баспаналы болды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Аудандарда бұндай көп үйлер бұрын салынған жоқ. Оны жақсы білесіздер. Біз өткен жылы 800-ге жуық осындай жаңа үйлер салып, аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға табыстадық. Ал биыл мыңның үстінде 7 ауданда осындай жаңа үйлер салынып, ел игілігіне табысталуда.
Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлер бірінші кезекте осал топтағы отбасыларға, көпбалалы және жалғыз басты аналарға берілді. Ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрып, жаңа қонысқа қол жеткізген әрбір жанұя қуанышқа кенеліп, ұлық мереке қарсаңында керемет сый болды.
Айгүл Дайрабаева, көпбалалы ана:
Жаңа үйге ие болып жатқаныма қуаныштымын. Балалардың несібесі ғой, енді. Мына үйлер өте әдемі, таза, жарық кең. Қуанышымда шек жоқ. Барлығына рақмет.
Әділбек Серікұлы