Мемлекет басшысы Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар парламентаралық байланысты нығайту тұрғысынан ғана емес, Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы стратегиялық серіктестігін барлық бағытта нығайту үшін маңызды екенін айтты. Валентина Матвиенко қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Ол Ресей Президентінің сәлемін жеткізіп, Владимир Путин Астанаға жасаған сапарының қорытындысын жоғары бағалағанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Жақында біздің елімізге Владимир Владимирович Путин мемлекеттік сапар жасады. Бұл стратегиялық серіктестікті, екі ел арасындағы одақтастықты дамытуға тың серпін берді. Мен екіжақты ықпалдастықтың болашағы зор деп ойлаймын.
Валентина Матвиенко, Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы:
Қазақстан мен Ресей президенттерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тауар айналымы, инвестиция, өндірістегі ірі жобалар, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді қай саланы алып қарасақ та, екі ел арасындағы берік стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың нағыз үлгісін көреміз.
Аида Ахметбек