Жапонияда аңшылар қартайғандықтан, аюлар шабуылы жиілеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапонияда аңшылар қартайғандықтан, аюлар шабуылы жиілеп барады

07.12.2024

Жапонияда халықпен бірге аңшылар да қартайып, аюлар шабуылы жиілеп кеткен. Қауіпті жануарлармен күреске жаңа технология қолданыла бастады. Бұл қандай тәсіл? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бұл - Жапонияның солтүстігіндегі Хоккайдо аралы, Сунагава ауылы. Қарияның назары - қоңыр аюда. Салмағы 250 келі, ұзындығы екі метр түз тағысы аңшыға қарап ырылдап қояды. 75 жастағы Харуо Икгами қауіпті жануарды жақында әрең ұстап әкеліп, торға тоғытқан екен.

Харуо Икегами, 75 жастағы аңшы:

Мына аю адамдар тұратын жерге тым жақындады. Қала орталығында жүр екен. Қайтсем де ұстауым керек деп шештім.

Аюдың тағдырын жергілікті әкімшілік жақында шешуі керек. Бір анығы – ауылдарға немесе фермаларға қайта кіретін болса, билік жабайы аңды бастан атуға бұйрық береді.

Тору Ёсино, 66 жастағы фермер:

Біз ешкі мен өзге де мал асырап отырмыз. Адамдар жиналған жерге де аюлар бара береді. Оларды күнде көріп қорқатын болдық.

Бірақ аюларды ауылдардан аластатын адам табу – өз алдына бір проблема. Себебі Жапонияда халықпен бірге аңшылар да қартайып барады. 2020 жылғы статистикаға жүгінсек, мұнда аң-құс атуға рұқсаты барлардың 60 пайызының жасы 60-тан асып кеткен екен. Ал сол адамдар мылтық ұстаудан қалса не болады?

Татсухито Ямагиси, 72 жастағы аңшы:

Олар жаңа аңшыларды үйретулерің керек дейді. Біз әбден қартайғанда бұл шаруамен айналысатын адам қала ма? Тіпті үйретуді қалап тұрсақ та шамамыз жетпеуі мүмкін ғой.

2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың наурызына дейін Жапонияда 219 шабуыл жасалған. Солардың алтауы кісі өлімімен аяқталыпты. Елдің қоршаған ортаны қорғау министрлігінің дерегінше, кейінгі бір жылда 9 мыңнан астам қара және қоңыр аю ұсталып, көзі жойылған.

84 жастағы Катсуо Харада сондай шабуылдардың бірінде көзінен айрылыпты.

Катсуо Харада, 84 жастағы аңшы:

Ол қандай да бір шалғамды кеміріп жатқандай әсер қалдырды. Есімнен танып қалдым, әрі қарай не болғанын білмеймін.

Дегенмен, аңшылықты үйренетін жастар табылмаса, технология бар. Жергілікті компаниялардың бірі жабайы аңдарды қорқытатын робот жасады. Бұл құлтемір 60 түрлі дыбыс шығарады: кейде ұлыса, бірде адамның даусын салады. Қаласаңыз - атылған оқтың жаңғырығын да бір шақырымға жеткізіп береді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу