Талдықорғанда тағы бір аккумулятор зауыты іске қосылды. Облыс орталығының индустриялды аймағында бой көтерген кәсіпорынға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Зауыт отандық нарыққа және экспортқа аккумулятордың елуге жуық түрін жинап, шығаруды жоспарлауда. Ал жылдық қуаты - 210 мың дана аккумулятор.
14 гектар аумаққа орналасқан зауыт шамамен 180-200 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Корей технологиясымен салынған кәсіпорындағы жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Заманауи жабдықтар жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, еңбек өнімділігін де арттыруға мүмкіндік береді, дейді қорғасын пластиналарын құю цехының бастығы Дастан Қанатханов.
Дастан Қанатханов, қорғасын пластиналарын құю цехының бастығы:
Біздің цехта аккумулятордың ішіндегі жүрегі дейді ғой, яғни салмасы. Соны қорғасыннан құямыз. Әр аккумулятордың типіне қарай өзінің пластиналары бар. Сегіз сағатта біз 2880 пластина шығара аламыз.
Зауыттың аккумуляторлары негізінен мұнай, газ саласында, темір жолда, телекоммуникация мен жасыл энергетикада кеңінен қолданылады. Өнімнің 60 пайызын экспортқа шығару көзделіп отыр.
Серікбай Әжмағанбетов, бас директор:
Қазірдің өзінде біз Ресейдің кейбір компанияларымен келісімге келіп жатырмыз. Олар қаңтар айынан бастап біздің өнімді сатып алуға дайын. Сонымен қатар біз еліміздегі ұлттық компаниялармен тікелей келісімшарт жасасуға мүмкіндік алдық. Келер жылы оларға да өз аккумуляторларымызды жібере бастаймыз.
Зауыт кезең-кезеңмен өндірісті ұлғайтып, аккумулятордың басқа да қосалқы бөлшектерін шығаруды жоспарлауда. Мұнан бөлек элекромобильдерге керек аккумулятор батареяларын өндіру жобасы да бар.
Қуаныш Қанатұлы