Қызылорда облысында жаңа кәсіпорындар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жаңа кәсіпорындар көбейіп келеді

06.12.2024

Қызылорда облысының Шиелі ауданында шағын және орта бизнестің үлесі артып, кәсіпкерлердің саны 6500-ге жетті. Ауылдық жерлерде ілкімді жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорындар көбейді.

Бәйтерек ауылының тұрғыны Мұрат Қалиев үйінің ауласынан шағын цех ашып, сүт өнімдерін шығарады. Бастапқыда тек құрт әзірлесе, жуырда айран, қаймақ, сары майды саудаға шығарды. Кәсіпкер мемлекет қолдауымен кәсібін кеңейтуге 50 миллион теңге жеңілдетілген несие алған.

Мұрат Қалиев, кәсіпкер:

Кішкентай времянкадан бастағанбыз негізі, келіншегіміз екеуміз. Қазір қолда 12-15 адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпті кеңейтіп жатырмыз. Күніне 400-500 келі құрт шығарып жатырмыз. Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін таратып жатырмыз.

Ал Қанат Мұсаев бақша дақылдарынан түрлі тосап әзірлейді. Маусымдық кәсіп болған соң қазір шикізат таусылған. Биыл ауыл диқандары еккен дақылдарды толықтай кәдеге жаратып, 100 мың дана табиғи таза өнім шығарған.

Қанат Мұсаев, кәсіпкер:

Біз өзіміз диқан болғаннан кейін осы дақылдардың барлық түрін егеміз. Бұл консерві цехын ашқаннан кейін мүмкіндігінше бағаны төмендетіп, өзіміздің жергілікті өнімнен шығарып отырмыз. Қазір өнімнің 11 түрі шығып жатыр. Сырттан келетін өнімдерден біздің өнімдеріміз 30 пайызға арзан.

Аудан үшін ірі жобалардың бірі – күріш ақтау зауыты. Индустриялық аумақта салынған кәсіпорынға Қытайдың озық технологиясы орнатылған. Жоба құны 180 миллион теңге. Күріш егетін шаруаларға енді дайын өнім шығаруға толық мүмкіндік бар.

Рахымжан Тағаев, зауыт басшысы:

Күніне мүмкіндігі 150 тоннаға дейін шығара алады. Бірақ дәл қазір 35-40 тонна азаннан кешке дейін шығарып отырмыз. Сұранысқа байланысты. Күріштің екі сорты шығады. Қоймамызда 2 мың тоннадай қара күрішіміз бар.

Жалпы Шиелі ауданында ауылдық елдімекендерде кәсіпкерлікті қолдауға биыл 4,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Жеңілдетілген несиемен 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Орта және шағын бизнес өркендеген соң, жергілікті бюджетке түсетін салық та еселенді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу