Франция премьер-министрі Мишель Барнье президент Эммануэль Макронға отставкаға кетуге өтініш берді. Бұған дейін парламенттің төменгі палатасы үкіметке сенімсіздік вотумын жариялады. Шешімді қабылдау үшін 289 дауыс қажет болған. Вотумды қолдап 331 депутат дауыс берді. Осылайша, 1962 жылдан бері Францияда алғаш рет үкімет сенімсіздік нәтижесінде құлап отыр. Айта кетсек, Барнье министрлер кабинетін небары 90 күн басқарды. Енді президент Эммануэль Макрон жаңа премьер-министр іздеуі керек. Мемлекет басшысы бүгін түнде халыққа үндеу жасамақ. Барньені бюджет саясатымен келіспеген парламенттегі әсіре оңшылдар мен солшылдар биліктен тайдырды. Олардың айтуынша, премьер ұсынған бюджет қауіпсіздік мәселелері мен қылмыстың өршу себептерін жоюға қауқарсыз.
Арыстан Рысбек