Павлодарда мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтуға арналған ұлттық жобаға бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін. Мәселен республикалық бюджеттен қарастырылған 2,9 млрд теңгенің бүгінде 480 млн теңгесі, яғни 17 пайызы ғана мақсатына жұмсалған. Нақтырақ айтқанда 212 отбасы баспанамен қамтылуы тиіс еді. Бірақ бар-жоғы 35 үй сатып алынған. Ал, жыл аяғына дейін 25 күнде 2,5 млрд теңге игерілмесе бөлінген қаржы кері қайтарылады. Сондықтан өңір басшысы жауаптыларды қара жұмысқа жегуге әзір.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
Ұлттық жобаны жоққа шығаруға сіздерге ешкім жол бермейді. Менің бірінші орынбасарымнан бастап мына құрылыс басқармасының басшысы бар, содан кейін аудан әкімдері қолдарыңызға қолғап киіп, аяқтарыңызға етік киіп, сол құрылыстың басында жүрсеңіздер де, қонсаңыздар да бұл үйлердің бәрін толықтай аяқтау керек.
Үкімет басшысы «бюджеттік қаражатқа шамадан тыс тапсырыс беріп, оны игере алмаған өңірлерге келесі жылы қаражат берілмейді», - деп кесіп айтты. Жыл аяғындағы жанталастың негізгі астары осы болса керек. Бұл асығыстықтың салдарынан үйлердің сапасыз салынуы мүмкін. Екіншіден, алдағы 20 күн ішінде салынып жатқан баспаналарды иесінен сатып алып, мұқтаж отбасыларға үлестіріп, құжатын рәсімдеп үлгеру қажет. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 26 мыңнан аса азамат үй кезегінде тұр.
Болат Аманбай