Білікті басшы, шапағаты мол шипагер. Ол басқарған перзентханада 8 жыл бойына бірде-бір ана өлімі болмаған. Ал Кентау қаласындағы орталық аурухана пандемия кезінде үздік емдеу мекемесі атанды. Бүгінде Шымкент қаласындағы перинаталдық перзентхананың бас дәрігері қызметін атқаратын Гүлбану Сыздықова өз ісінде осындай жетістікке жеткен еңбекқор жан. Білікті басшы әлі күнге ғылыми ізденісін жалғастырып, медицинаның озық тәжірибелерін әріптестеріне үйретуде.
Гүлбану Сыздықова перзентхананың бас дәрігері болғанымен, күнделікті жұмысын жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатқан аналар және операциямен туған нәрестелердің хал-ахуалын білуден бастайды. Дәрігерлермен концилуим жасайды. Мұндайда науқастарға дәрі-дәрмекті мейлінше аз қолданып, олардың денсаулығын жылдам тіктейтін ем-дом түрлерін қолдану тәсілдерін іздейді.
Гүлбану Сыздықова, бас дәрігер:
Операциялар қиын емес. Күнделікті бақылау, пациентке дұрыс көзқараспен қарап, қиын жағдайдың алдын алу үшін жақсы жұмыс жасау керек. Сол кезде жақсы көрсеткішке қол жеткізуге болады.
Перинаталды орталықта жылына 8-9 мыңнан астам шарана дүние есігін ашады. Науқастарға 2 мыңға жуық ота жасалады. Былтырдан бастап дәрігерлер неонаталдық хирургиялық операцияларды да істей бастады. Орталық құрамында медициналық санитарлық көмек көрсететін 13 мекеме және 8 емхана бар. Гүлбану Сыздықова осы жұмыстардың барлығын біліктілікпен ұйымдастырып, қарамағындағылармен бірлесе атқарып келеді.
Ақмарал Бейсенқызы, акушер гинеколог:
Өте еңбекқор жан. Өте іскер жан. Іскер жан деп айтатыным 2010-2017 жылдары ол басқарған мекемеде республика көлемінде ана өлімі тіркелген жоқ. Ол іскер басшысының еңбегімен келетін дүние.
Қарапайымдылық. Өз ісінің білгір маманы болу. Және жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу. Гүлбану Сыздықованы әріптестері осындай қасиеттері үшін айырықша құрмет тұтады. Денсаулық сақтау саласының үздігі биыл ерен еңбегі үшін «Шапағат» медалімен марапатталды.
Ғани Қалмаханов