Қызылордада «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді

04.12.2024

Қызылордада заман талабына сай білім мен тәлім беру нысандары көбейіп келеді. Биыл қаланың сол жағалауында оқушылар сарайы мен алғашқы «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді. Бүгінде балалар білім көжиегін кеңейтіп, түрлі үйірмеге қатысып жүр.

Заманауи оқушылар сарайында балаларды жаңа қырынан ашып, шығармашылығын жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Бір мезетте 350 келушіге арналған әсем ғимаратта ән, би, қолөнер кабинеттерінен бөлек робототехника, биология және экология бойынша білімін тереңдететін сыныптар ашылған. Мұнда білімпаз жастар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Рамазан Қуанышбай, оқушы:

Біз қазір осы жасушаларды көріп жатырмыз. Біз оларды бояу қосып, көруімізге болады. Биологияға деген қызығушылығыммен өзім дайындалғым келеді.

Аймақта пайдалануға берілген жайлы мектеп қаланың сол жағалауында орналасқан алғашқы мемлекеттік білім беру ұясы. Зәулім ғимаратта үш спорт зал, арнайы үйірмелер үшін ашылған сыныптар қарастырылған. Бұрын қаланың басқа мөлтек аудандарына қатынап оқып келген мыңға жуық оқушы қазір жайлы мектептің игілігін көріп отыр.

Мәуе Қайратқызы, оқушы:

Мектебіміз толықтай жабдықталған. Түрлі демалыс алаңдары және теннис залы бар. Біз үшін жайлы. Мен осы мектепте білім алып жатқаныма қуаныштымын.

Үш қабатты мектеп бірнеше блоктан тұрады. Оқушыларға ғана емес ұстаздар үшін де жақсы жағдай жасалған. Әр қабатта коуоркинг алаңдар, үлкен кинорум залы секілді жаңашылдықтар енгізілген. Әсіресе еңбекке баулу пәнінде ұлдар ағаш жонып, темір бұйымдар дайындаса, қыздар тігін тігіп үйренеді. Тіпті оқушылар бірігей мектеп формасын да өздері әзірлеп жатыр.

Мөлдір Смаханова, мектеп директоры:

Мектебімізде арнайы бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Онымен қоса, бізде арнайы мектеп блокқа бөлінген, яғни бастауыш бөлек блокта және орта мен жоғары сыныптар бөлек блокта білім алады. Мектеп заманауи лабораториялармен, шеберханалармен жабдықталған.

Жалпы облыста осындай 21 жайлы мектеп салынады деп жоспарланған. Соның ішінде 10 білім ордасының құрылысы биыл басталды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу