Оңтүстік Корея президенті елде енгізілген әскери режимді 6 сағаттан соң алып тастады. Себебі бұл шешімге парламент қарсы дауыс берген. Қоғам да қолдаған жоқ. Президент Юн Сок Ель теледидар арқылы үндеуінде: «Ұлттық жиналыс төтенше жағдайдың күшін жоюды талап еткеннен кейін әскерилер өз бөлімшелеріне оралды», - деп мәлімдеді.
Таңертең президент аппараты толық құрамда отставкаға кетті. Ал мемлекет басшысы бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Парламентте көпшілік орынға ие оппозиция мүшелері президент өз еркімен кетпесе, оған импичмент жарияланатынын ескертіп отыр.
Юн Сок Ель әскери жағдай елдегі конституциялық тәртіпті қорғау үшін және Солтүстік Кореядан төнген қауіпке қарсы бағытталғанын мәлімдеген еді. Алайда нақты қандай қатер төніп тұрғаны белгісіз.
Дегенмен мұның алдында үкіметте өткен шұғыл жиында президент өзіне қарсы импичмент жариялануы мүмкін екенін айтқан. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, әскери жағдай осы үшін енгізілген болуы мүмкін.
Арай Төлегенқызы