Келер жылдан бастап мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы өседі. Оған қоса қажетті техникалық құралдар мемлекет есебінен беріледі. Ал биылдың өзінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске асырыла бастады. Халықаралық мүгедектер күніне орай тілшіміз еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай мүмкіндіктер жасалғанын біліп көрді. Материалға зер салсақ.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Елімізде бүгінде 734 мыңға жуық мүгедек куәлігі бар жан бар. Үкімет мұндай азаматтарға жағдай жасауға тырысып жатыр. Мәселен келер жылдан бастап жәрдемақы өседі. Нақтырақ айтсақ I топтағылар - 101 702 теңге, II топ – 81 362, ал, III топқа берілетін көмек – 55 474 теңге алады. Мүгедектігі бала кезінен болса, I топ- 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ – 74 428 теңге болады. Мәжіліс депутаты, 1 топ мүгедектігі бар Таңсәуле Серіков бұл көмектің өте аз екенін айтады.
Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ол бөркімізді аспанға ататын дүние емес. Бүгінгі күнде 95 180 теңге қателеспесем оған антиинлфляциялық 6 пайыз бен 8 пайыз аралығында беріледі. Сол кездегі қосылып отырғаны 6 мың теңгемен 101 мың теңге болады. Жақсы ол 101 мың теңге болсын, бірақ ол не нәрсеге жетеді? Дәрі-дәрмекке ме, азық-түлік, коммуналдық қызметті қараңыз бағасы шарықтап тұр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Депутат I топтағы мүгедектердің ғана жәрдемақысын өсіріп, қалғандарына тұрақты жұмыс тауып беру керек дейді. Сонда ғана мұндай азаматтар өзінің қоғамға қажет екенін сезінеді. Әрі өз табысын өзі табады. Тағы бір мәселе ол – баспана. Бүгінде елімізде 63 мың мүгедек жан пәтер кезегінде тұр. Жыл сайын солардың 500-ге жуығы ғана баспаналы болады екен. Ал, қалғандары жылдап кезек күтуге мәжбүр. Қазір Парламенттегі инклюзивті топтың бастамасымен мүгедектердің жәрдемақысы мен зейнетақысын біріктіруге қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Өйткені олар алатын зейнетақы мөлшері 30 мыңнан аспайды. Сондай-ақ биылдан бастап пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы жүзеге асырыла бастады. Бұл дегеніміз енді азаматтарға мүгедектігін растау үшін тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ енді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кресло-арба, протездік бұйымдар, есту аппараттары сынды техникалық құралдар мемлекет есебінен тегін беріледі.
Нұрсұлтан Тілектес