Халықаралық форум Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтеді. Сонымен қатар, Президент Эр-Риядта бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банк тобының президентімен кездесті
Мемлекет басшысы ең әуелі Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев екі жақты стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өтті. Қазір қаржы институтымен бірлесе бірнеше салада жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр, деді Президент. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы шеңберінде атқарылатын қазақстандық жобаға 650 миллион доллар көлемінде қаржы бөлу туралы шешімін құптады. Ал Аджай Банга арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді. Өзара серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты диалогты жандандырып, бірлескен жұмыстың ұзақмерзімді перспективасын айқындау үшін Аджай Банганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Шерхан Жамбылұлы