Мемлекеттік кеңесші Қазақстан тарихының академиялық кітабының ғылыми-редакциялық кеңесінің жұмысына қатысты.
«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты көптомдық басылымның шығуына 250 тарихшы атсалысқан. Еліміздегі барлық ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып, ауқымды жұмыс атқарылды.
Тарихи еңбекке Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Жошы Ұлысын зерттеу институты жетекшілік еткен. Сондай-ақ Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Мемлекет тарихы институтының еңбегі зор.
Ерлан Карин бүгін редакциялық алқа мүшелерімен кездесіп, алдағы екі апта бойы оларды ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Көптомдық басылым түрлі сараптамалық талқылаулар мен ғылыми зерттеуден өтеді. Сонымен қатар ғылыми құжаттарды, тарихи карталарды, архив құжаттарының фотокөшірмелері мен музейден алынған басқа да материалдарды енгізу үшін жұмыс жүргізіледі.
Кездесу барысында Мемлекеттік кеңесші бұл академиялық басылым барлық мектеп пен университет бағдарламаларына енгізілуі қажет екенін баса айтты.
Айя Мүтәлі