Алматыда жапсарлас жатқан зират жақындап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жапсарлас жатқан зират жақындап келеді

03.12.2024

Жапсарлас жатқан зират жақындап келеді. Алматы облысы, Көксай ауылының тұрғындары көз ұшында тұрған қорымның аумағы ұлғайып, көз алдына дейін жеткеніне наразы. Айналамыз молаға толды деп мазасы қашқан жұрттың мәселесін Ернұр Медет тыңдап қайтты.

Әкімдік аузы-мұрнынан толған бейітке енді ешкім жерленбейді деп уәде берген. Бірақ халық жауаптылардың сөзіне сенбейді. Себебі, жасырын келіп, қабір қазып жатқандарды талай рет көрген. Енді басшылық қорымның айналасына биік қоршау орнатпақшы. Одан соң, оның ішінде не болып жатқаны көпшілікке беймәлім болмақ. Елді алаңдататыны да осы.

Светлана Жабалбаева, Көксай ауылының тұрғыны:

3 метр қоршау саламыз, ар жағын көреміз дейді. Ішінде не болады енді десек, оны айта алмаймыз дейді. Демек, ішінде адам жерлейді.

Төрегелді Әбенов, Көксай ауылының тұрғыны:

Мына жерде шарбақ, мына жерде мүрде тұр. Осы мүрде шарбақтан бері қарай жылжытамыз деп жатыр. Үйдің бәрін мүрделер жауып қалатын болды. Осыны тоқтатса дейміз. Осы қалпында жабылса дейміз. Одан басқа біздің ешқандай талабымыз жоқ.

Жауаптылардың айтуынша, қоршау салудағы мақсат – қараусыз жатқан жерді қадағалауға алып, айналасын күл-қоқыстан тазарту. Ал биік дарбаза көтерілгеннен кейін ар жағына адам жерленбей ме деген сауылымызға әкім орынбасары нақты ештеңе айта алмады.

Аркен Кенжебай, Іргелі ауылдық округінің әкімі:

Халықтың талаптарын сәрсенбі күні комиссия талқылайды. Осы жердің тұрғындары да сонда қатысады. Сол жерде абаттандыру бойынша, қоршалып, жерлеу-жерленбеуін сол жерде ақ-қарасын анықтап, шешім шығарамыз.

Зираттың аумағы жайлы ереже Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында көрсетілген. Санитарлық талапқа сәйкес бейіт пен үй арасы 300 метрден кем болмауы тиіс. Ал мұндағы мола тұрғын үйден 100 метрдей ғана алшақ жатыр.

Дильяра Сейітнұрова, сарапшы:

Жердің ішінде бататын химикаттарда олар санитарлық нормаға кірмейді. Сол үшін жаңағы нысандары, денсаулық сақтау нымандарын салу үшін, олардың зираттардың қорғау аймақтары, кем дегенде 1000 метр болуы керек. Ол бостан босқа белгіленген зат емес.

Ернұр Медет, тілші:

Әкімшілік мына ақ жіппен белгіленген жерде арнайы 3 метрлік қоршау болады, алайда оның ішіне ешкім жерленбейді деп сендірді. Ал халық жауаптылардың бұл сөзіне күмәнмен қарайды.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу