Қызылорда облысында тұрғын-үй құрылысы бес есеге артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында тұрғын-үй құрылысы бес есеге артты

02.12.2024

Қызылорда облысындағы шыны зауыты өндіріс аясын кеңейте түспек. Биыл энергия үнемдейтін әйнек шығару жобасы жүзеге асырылса, келер жылы көлік терезесін өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев аймаққа жұмыс сапарымен келіп, іргелі бастамалармен танысты.

Сыр өңірінде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мәселесі облыс орталығында ғана емес, ауыл аймақта да оң шешімін табуда. Сала министрі шаһардың сол жағалауынан бой көтерген заманауи үлгідегі тұрғын үй кешенін аралап, құрылыс жұмыстарын бағамдады.

Ерлан Төрәлиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Біз биыл 1819 пәтерді тапсырамыз. Оның ішінде 296 пәтер республикалық бюджеттен және 1513 пәтер «Самұрық-Қазына» қорының есебінен. Яғни бұл көрсеткіш 5 есе өскен.

Қызылордадағы шыны зауыты іске қосылғалы әйнекпен ел нарығын түгел қамтып отыр. Алып кәсіпорында осы кезге дейін 28 миллион шаршы метр шыны өндірілген. Оның 30 пайызы шет елге экспортталды. Зауыттың индустриялық әлеуетін арттыру бағытында тыңнан тағы екі жоба қолға алынып жатыр.

Айжан Өмірзақова, кәсіпкер:

Біз екі жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Шыны зауытының мүмкіндігін пайдаланып, жанынан айна мен көлік әйнегі өндірісін ашқымыз келеді. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы жобамызды министрге таныстырдық, мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев қала жұртшылығымен кездесіп, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Соның ішінде автокөлік өндіру саласындағы бірқатар жағымды жаңалығын жеткізді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Келесі жылы екі ірі зауытды іске қосатын боламыз. Бірінші тоқсанда 2025 жылы Алматы қаласында Қытай брендтерін өндіретін зауыт іске қосылатын болады. Ол үш брэнд Хавал, Чанган және Черри өндіретін болады.

Сондай-ақ сала министрі тұрғындарды жеке қабылдады. Көптің талап-тілегін тыңдап, сауалдарына тікелей жауап берді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу