Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл

30.11.2024

Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл толды. Шымкент қаласында тұратын түрік этносының 7 мыңға жуық өкілі осы уақыт ішінде ел игілігі жолындағы бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті берік ұстанумен келеді.

Түркияның Грузиямен шектесетін аймағын мекен еткен 20 мың шаңырақ осыдан 80 жыл бұрын тағдырдың жазуымен атақонысынан амалсыз көшті. Қазір солардың біраз бөлігі Қазақстанды елім, Шымкентті туған жерім деп санайды. Тау халқы бүгінде түрік этно мәдени орталығы маңайына топтасқан. Салт-дәстүрі мен тілін сақтап, «Ахысқа» атты басылымын да шығарып келеді.

Оразбай Камалов, түрік этномәдени орталығының мүшесі:

Қазақстан бойынша 4 облыста, 6 қалада, 13 аудан орталығында мәдени орталықтар жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты ата-бабамыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін жастардың бойына сіңіру.

 «Ахысқа» Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға да айрықша үлес қосып келеді. Қазақ-түрік бауырластығының дәлелі ретінде Шымкент қаласы Измир, Ески шехир, Адана қалаларымен достық байланыс орнатқан.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

"80 жылдық тарих бауырмалдықтың, төзімділіктің және ортақ болашаққа деген сенімнің жарқын символы" деп айтуға болады. Ахысқа түріктері тамырын тереңге жайып, бүгінгі күні Қазақстанның ажырамас бөлігіне айналды.

Салтанатты жиынға қатысушылар Ахысқа түріктері туралы деректермен танысып, қолданбалы өнер көрмесін тамашалады. Достық үйі алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл қойды.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу