Ақтөбе облысында өрт оқиғалары жиіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында өрт оқиғалары жиіледі

30.11.2024

Ақтөбе облысында өрт оқиғалары жиіледі. Өткен жылдармен салыстырғанда жарақат алған және қаза тапқандардың да саны артқан. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, әсіресе, саяжайлар мен барак типті баспаналар жиі отқа оранады. Мәселен соңғы жағдайда қатар тұрған бес үй бір мезгілде жанып кетті.

Жақсыбек Кемал, тілші: 

Бұл үй екі күн бұрын ғана отқа оранды. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, өрт электр желісінің тұйықталуынан болған. Жалын лезде жапсарлас орналасқан үйлерді де шарпып үлгерген.

Өрт түс мезгілінде болған. Сондықтан тұрғындар бала-шағасын дер кезінде тысқа шығарып үлгерген. Тұрғын мұндай жағдай түн ішінде болса, адам шығыны болуы мүмкін еді дейді. Қазір бес отбасы қайда барарын білмей отыр.

Аманжол Байжан, қала тұрғыны:

 Мен келсем, жанып жатыр. Сөндірушілерден неге су шашпайды деп едім, су жоқ деп айтты. Екінші машина келеді деді. Ол келем дегенше, бәрін алып болды жоғарының. Қазір бес баламен далада жүрмін. Баратын жер жоқ, квартираға ешкім қабылдамайды.

Мамандар мұндай барак типті үйлердің жиі өртенетінін айтады. Ол аумақтарға көбіне арнайы көліктердің дер кезінде жетуі де қиын. Облыста жыл басынан бері 469 өрт оқиғасы тіркелсе, оның көбі жеке тұрғын үй секторларында болған. Айтып келмейтін апаттың салдарынан биыл 13 адам қаза тауып, он бірі жарақаттанған. 

Айбат Жаңабергенов, ТЖД бастығының орынбасары:

 Осындай авариялық 23 үй бар. Соңғы үш жылда осы тұрғын үйлерде оннан астам өрт тіркелді. Сол оннан аса өртте көптеген шығындар келді.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барактар мен жатақханаларға рейд жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 800 жеке үйді, 5 бау-бақша ұжымын аралап, тұрғындарға автономды дабыл қондырғыларын таратты. Мамандар, әсіресе, саяжайларда тұратындар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай бермейді,- дейді. Бұл аумақтарда бейресми мәліметтер бойынша елу мың шамасында халық тұрады. 


 Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу