Ташкентте ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен «Түркі поэзиясы" фестивалі ұйымдастырылды. Оған қазақстандық бірқатар ақын-жазушылар қатысты. Фестиваль аясында Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мүшәйра өтті.
Түркітілдес елдердің шайырлары кезекті рет өзбек елінің астанасында бас қосты. Екі жылда бір өтетін жыр мерекесі биыл 16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Әркім өз тілінде жыр оқыды, бірақ оны ұғуға аудармашы қажет болған жоқ. Барлығымыздың тілегіміз бір, "ол – ынтымақ",- дейді ақындар.
Мұратхан Шоқан, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
Кейде халықтар арасында, ұлт пен ұлттың арасында түсінбеушіліктер болып қалуы мүмкін. Бірақ осындай кезде бейбітшіліктің символындай болған, әлемді сүйіп жырлайтын ақындар ел алдына шығып дүниенің бірлігін жырына қосып сөйлейтін болса, бұл әлемнің тыныштығы сақталады.
Түркі поэзиясы фестивалі аясында түрлі шаралар, әдеби кездесулер өтті. Соның бірі Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мүшәйра. Өзбек, қырғыз, түрік пен әзірбайжан, татар мен қарақалпақ сынды бауырлас ұлттардың ақындары Абайдан бір шумақ оқып, ары қарай өз шығармасымен таныстырды. Олар мұндай жыр мерекесінің өткізілуі өте жақсы үрдіс десті.
Атахан Қожағұлов, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын:
Бұл елдердің арасындағы ынтымақты бекемдей түседі. Мысалы қырғыз ақындары қазақ, өзбек пен түрік ақындарымен танысамыз. Келешекте олардың жырларын оқимыз, осылайша елдеріміздің арасында ынтымақ шыңдалады деген ойдамын.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы «Түркі поэзиясы» фестивалін 1992 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Осы уақыт аралығында жыр мерекесі Алматы, Түркістан, Бұрса, Бішкек пен Баку секілді бауырлас елдердің ірі шахарларында өткен. Бұл жолғы шара да нәтижесіз емес, заманауи түркі әдебиетінің дамуына үлес қосқан шайырлардың шығармалары алдағы уақытта «Гүлдесте» деген атаумен жинақ болып шығады.