Ақтөбеде құм карьерлерінің жұмысын тоқтату талап етілді
Ақтөбелік табиғат жанашырлары Елек өзенінің бойында жұмыс істеп жатқан құм карьерлерінің жұмысын тоқтатуды талап етеді. Айтуларынша, су арнасы құрғап, арты экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Бұл жердегі сыйымдылығы 245 миллион текше метр болатын «Ақтөбе» суқоймасының да табаны құрғап қалған. Ол аумақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз суқойманың жағалауында тұрмыз. Бұған дейін су анау талдарға дейін жетіп, шалқып жататын. Ал қазіргі түрі адам шошырлық. Айдын ортасының өзі шалшыққа айналған.
Жауаптылардың айтуынша, су қоймасына жөндеу жүріп жатыр. Сондықтан шлюздерді ашып, судың бестен бірін ғана қалдырып, қалғанын ағызып жіберуге тура келген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Одан кейін су қайтадан толтырыла бастайды.
Елібай Ізмаханов, су қоймасының басшысы:
Қажеттіліктен туындаған нәрсе. Бетондарды жөндеу үшін судың деңгейін табанына дейін түсіруге тура келді. Сол жұмыстарды істеу керек еді. Алаңдайтындай ештеңе жоқ, келесі көктемде суды толтырып аламыз деген ойдамыз.
Бұл Елек өзенінің су қоймасына құятын тұсы. Тек осы жердің өзінде екі бірдей құм карьері жұмыс істеп тұр. Күн сайын өзен арнасындағы қиыршық құм ондаған жүк көлігіне тиеліп, сыртқа тасылады. Олардың жұмысына бұған дейін ауыл тұрғындары да бірнеше мәрте қарсылық білдірген.
Павел Финогентов, карьердің учаске басшысы:
Бірнеше мәрте келді. Құжаттарымызды, рұқсат қағаздарын көрсеттік. Біз бұл жерді бүлдіріп жатқан жоқпыз. Өзімізге қажетті топырыақты ғана алып жатырмыз.
Экологтардың айтуынша, бұл карьерлер табиғи тепе теңдікті бұзып жатыр. Өйткені, өзеннің арнасы өзгеріп, мұндағы жануарлар дүниесіне де кері әсер еткен. Енді жағалаудағы жасыл желек жойылар болса, бұл атыраптың түгелдей шөлге айналу қаупі бар.
Гүлзат Жолмұратова, «Эко мәдениет» ұйымының мүшесі:
Егер оның орнын өндіріске, карьерге айналдыратын болса, онда экологиялық үлкен ахуал туындайды. Орны деградацияға ұшырайды, шөлейтке айналады. Ол жерде еш өсімдік шықпай, жер жарамсыз болып қалады. Жердің асты балшық, ол солай тұрады да, өндіріске де жарамайды.
Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері кен өндірушілер талапқа сай жұмыс істеп жатыр дейді. Арнайы лицензиялары да бар. Дегенмен, қос карьердің бірінің иесі бұл аумақтан кетуге дайын. Ол үшін әкімдік басқа аумақтан жер берсін деген талап қойып отыр.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
