Шығыс Қазақстанда 250 мың гектар жер игерілмей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 250 мың гектар жер игерілмей жатыр

28.11.2024

Биыл 2 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында қазір 250 мың гектар жер игерілмей жатса, осы жылы 87 мың гектары ғана мемлекет меншігіне өткен. Оның басым бөлігі егіншілік бағыттағы алқаптар. Аймақта төрт түлігі өскен аудандардың жыл санап өрісі тарылып келеді. Сондықтан атқарушы билік игерілмей жатқан жерді жедел қайтарып, егін егіп, мал бағам деген шаруаларға беруде.

Ауылдың ажарын кіргізіп, тіршілігін тіктеу үшін Әмірбек Райымбеков биыл Ұлан ауданынан 414 гектар жер алып, оның 114 гектарына жоңышқа еккен. Құны 300 миллион теңге тұратын жаңбырлатып суаратын қондырғы да орнатты. Нәтижесінде отыз жылдан аса игерілмей, аңызаққа айналған алқаптан алғашқы жылы 500 тонна жоңышқа орды.

Әмірбек Райымбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:

Ауылдың жанында осындай бос жатқан жерлерді игерсек өте дұрыс болар еді. Не өзіме жоқ, не елге жоқ деген болмайды. Бұл үкіметтің жері ғой. Бергеннен кейін пайдалану керек. Пайдаланбасаң, қайтарып таста. Тағы бір 500 гектар берсе, мың гектарды игеруге мүмкіншілігіміз бар.

Мүмкіншілігі бар азаматтарға мемлекет игерілмей жатқан алқаптарды аукцион арқылы конкурспен береді. Алайда ауыл тұрғындары үшін басты мәселе жайылымдық болып отыр.

Олжас Керейхан, тілші:

Жер Кодексінің талабы бойынша 1 жылқыға 5,4 гектар, сиырға 4,5 жарым. Егер бір қойыңыз болса, аз дегенде 1 гектарға жуық жер керек. Сондықтан малы өскен, бірақ өрісі тарылған кейбір ауылдың тұрғындары қорасындағы азғана қой-ешкісін жеке бөліп алып, мынадай тоғайдың арасына немесе жолдың шетіне бағуға мәжбүр.

Соңғы екі жылда тек Ұлан ауданында игерілмей жатқан 50 мыңға жуық гектар жер мемлекетке қайтарылды. Дегенмен, бұл ауданда әлі де 10 мың гектарға жуық жайылымдық жетіспейді.

Серік Оразханов, Ұлан аудандық жер қатынасы бөлімінің басшысы:

Ол тапшылыққа қатысты сұрақты біз «Асубұлақ» орман шаруашылығымен бірлесе шешіп отырмыз. Біз сол «Асубұлақ» орман шаруашылығымен меморандумға отырамыз. Биыл 2024 жылдың басында біз 16 мың гектар жерге меморандумға отырдық. Ол деген орман шаруашылығы жерлерінде біздің халқымыздың малдары сонда жайылып, шөптерін де сонда шабады.

Облыста ауыл шаруашылығы санатында 3 миллион 474 мың гектар жер болса, оның 667 мың гектары егістік, 270 мың гектары шабындық, ал 2 миллион 390 мыңы жайылымдық. 2024 жылы облыста жалпы 87 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Алайда аймақта әлі 250 мың гектар жер игерілмей жатыр.

Надежда Михейлис, ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

Игерілмей жатқан жердің көбі егіндік пен шабындық. Биыл біз мемлекетке 160 мың гектар жер қайтарамыз деп жоспарлағанбыз. Бүгінге дейін қайтарғаны 87 мың гектар болса, оның 24 мың гектары жайылымдық.

Қазір шығыста жылқы саны 231 мыңға жетсе, 400 мың сиыр бар. Бір миллионға жуық ұсақ мал бар. Сондықтан кейбір елді мекендер малын ұлттық парктер мен орман шаруашылықтарына өрістетіп отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу