Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өрт оқиғасы бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бүгінгі отырыста өртенген хостелде тұрған колледж студенттерінен жауап алынды. Куәгер Асанәлі Дошым жатақханада орын болмаған соң оқу ордасы әкімшілігінің ұсынысымен хостелге жайғасқанын айтты. Бір бөлмеде 5 жігіт болып тұрған. Сол өрт болған түні қасындағы бөлмелесі оятқан. Ал дабыл жүйесі кеш қосылды дейді. Екінші куәгер – Нұрлыбек Серік апаттық шығу есігінің жабық болғанын, тар дәлізде жиналып тұрған матрацтар жүріп-тұруға қиындық келтіргенін, өрт сөндіру құрылғыларының болмағанын айтты.
Нұрлыбек Серік, куәгер:
Дауыс естігендей болып дәлізге қарадым. Сосын бірден балаларды оята бастадым, өрттің белгісі шықты. Сосын балаларды оятып, далаға жүгірдік. Түсіндіре алмаймын ондай дыбысты, сигнализация емес, гүрілдеген дауыс сияқты.
Еске сала кетейік, «Алматы хостеліндегі» өрт былтыр 30 қарашада болды. 13 адам қаза тапты. Қылмыстық істе 2 адам айыпталып отыр. Олардың бірі ғимаратты жалға алған - Әділбек Мұхамедияров пен өрттен қорғау жүйесін орнату жөніндегі маман Александр Пекельник.
Айдана Қуантхан