Қазақстан мен Ресей 20 құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей 20 құжатқа қол қойды

28.11.2024

Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай күрделі мәселе жоқ. Кеше елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей басшысы Владимир Путинді қарсы алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ең жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша 20 құжат бекіді. Толығырақ тілші материалында.

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Астана аспаны үш жолаққа боялды. Бұл Владимир Путиннің келуіне орай. Мемлекеттік сапар. Сондықтан протоколға сәйкес мейманға ерекше құрмет көрсетіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін әуежайдан өзі қарсы алды.

Президенттер достық көпірі деп аталатын суретті салуға атсалысты. Ол сапар соңында Владимир Путинге сыйға тартылады. Қас қарайғанда қос президент Ақорда сарайына бірге келді.

Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес. Солтүстік көршіміз Қазақстанның ең басты сауда серіктесінің бірі. Былтыр екі ел 27 млрд долларға сауда жасаған. Таяу арада тауар айналымын 30 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді.

Осыдан кейін Президенттер бейнебайланыс арқылы Уфа қаласында өтіп жатқан Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресейден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 25 миллиард долларға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты.Былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды.

Мұнай-газ саласында бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. Президент Ресейден Қазақстанға да көгілдір отын жеткізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірістік. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын қазақстандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттайды.

Мәскеу облысында Қазақстан, Ресей, Қытай үштігімен құрғақ порт салынбақ. Бұл шығыс пен батыс арасындағы сауда-саттықты еселеуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады.

Омбы қаласында Қазақ Ұлттық Университетінің филиалы ашылды. Оқу қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүреді. Екі ел үкіметтері студенттерге 200 грант бөледі. Бұл Ресей аумағындағы алғашқы шетелдік жоғары оқу орны.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды. Бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Бұл екі елдің жан-жақты білім және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанда Ресейдің жетекші техникалық білім беру мекемелерінің 7 филиалы ашылды. Көп ұзамай Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашады. Сонымен қатар Ресейдің шекара маңы аймақтарында қазақ мектептерін салу, сәйкесінше Қазақстан аумағында ресейлік мектептерді ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі елдің білім беру саласындағы байланыстарын нығайтып, өскелең ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция құйған жетекші үш елдің қатарына кіреді. Былтыр біздің мемлекет алғаш рет Ресейдің ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жететініне сенімдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар энергетика, теміржол, құрылыс және басқа да салаларды қамтитын құжаттарға қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді деген ортақ ұйғарым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапар қорытындысына оң баға берді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді.

Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу