Қызылорда облысында 99 үйірме арт-спортты желеу етіп, қаржы жымқырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 99 үйірме арт-спортты желеу етіп, қаржы жымқырған

27.11.2024

Қызылорда облысында 99 жеке үйірмеге мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды. АРТ-спорт бағдарламасы аясында жұмыс істеген ұйымдар жан басына қаржы алу үшін бала санын асыра көрсетіп, жалған мәліметтер өткізіп келген. Арнайы мониторингтік топ өрескел олқылықтар мен заң бұзушылықтарды анықтап, нәтижесінде 3 миллиард теңге үнемделді.

Аймақта балаларды өнерге баулу мақсатында 136 кәсіпкер жеке үйірме ашып, мемлекет қолдауымен жұмысын бастаған. АРТ-спорт жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға арналған бағдарлама. Бірақ, бұл жобаны кейбір кәсіпкерлер көлеңкелі бизнеске айналдырып, мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржыны иемдену үшін түрлі қитұрқы әрекетке барған.

Мира Қазбекова, Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

47 кәсіпкермен келісімшартты біржақты бұзуға мәжбүр болдық. «Даму бала» платформасына тіркелген базада Қызылорда қаласындағы мекенжайды көрсетеді. Ал балаларын НУБД-мен ішкі аудит жүргізіп, өзіміз анықтаған кезде онда мысалы көптеген бала аудандардан шығып жатыр. Тіпті, басқа өңірлерден шығып жатыр.
Сондай-ақ, спорт бағытында да талапқа сай келмейтін үйірмелер көп болып шықты. Мемлекеттік бағдарламамен спорт секцияларын ашқан 176 кәсіпкер осы кезге дейін қаржы алып келсе, зерделеу жұмыстарының нәтижесімен олардың саны 111-ге қысқарған. Ал үйірмелерге тіркелген 2 мыңнан астам баланың мәліметі жалған екені анықталып, тізімнен шығарылды.

Жұлдызбек Ерқосаев, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 30 күндік жады бар бейнекамералардың жоқтығы. Және балалардың гигиенасын сақтау үшін қойылған жуыну бөлмелерінің мүлдем болмауы. Осы кемшіліктердің бәрін анықтап, нәтижесінде 2,6 млрд теңге үнемделіп, бюджетке кері қайтарылды.

Алдағы уақытта да АРТ-спорт бағдарламасына бақылау күшейеді. Салаға жауаптылар келер жылдан бастап әр үйірмеге «Face ID» жүйесін енгізуді талап етпек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу