Түркияда қазақ жастарының фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қазақ жастарының фестивалі өтті

27.11.2024

Түркияның Сакария қаласында қазақ жастарының фестивалі өтті. Қазақстанның елшілігі мен Стамбұл және Анталия қалаларындағы консулдықтар мұрындық болған шарада түрлі ойындар ойналып, сайыстар өткізілді. Бұдан бөлек Түркияда оқитын қазақ жастары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін футбол турнирі де ұйымдастырылды. Толығырақ Айдос Әшімұлының материалында.

Фестивальге Түркияның 16 аймағында оқитын мыңнан аса студент жиналды. Жастарға Президент жариялаған «БОРН БОЛД» науқаны аясында еліміздің әр саладағы жетістіктері мен жобалары таныстырылды. Бұдан бөлек ұлттық ойындар ойналып, ән мен күйден шашу шашылды.

Әділет Жұмағұлов, Сакария студенттері ұйымының мүшесі:

Мақсаты Түркияда оқып жатқан барша қазақ студенттердің басын бір арнаға тоғыстырып, елге-жерге деген сағынышын басу болатын. Футбол да ұйымдастырдық бұл біздің ауызбірлігімізді қай жерде болмасын танытып жатыр. Әр қаладан келіп жатыр студенттер қонақтарымызды күтіп жатырмыз, өте керемет атмосфера сыйлап жатыр.

Бүгінде Түркия университеттерінде 12 мыңдай отандасымыз оқып жатыр. Жастар белсенді, әрдайым осындай шараларда басқосып тұрады.

Алтынай Жамали, Измир қаласында оқитын студент:

Сакария қаласына Измир қаласынан 50 студент келдік. Фестиваль және футболдан жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстарды жинап бірлігімізді арттырып эжатқанына өте қуаныштымыз. Күн суық болса да жүрегіміз жылынып қалды қазақтарды көріп.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Түркиядағы қазақ жастары арасындағы футбол турнирі де биыл осы Сакария қаласында ұйымдастырылды. 16 команда өзара тартысты ойын өткізіп, Измир қаласынан келген студенттер кубокті жеңіп алды.

Жасұлан Ниетқұл, Измир командасының капитаны:

Чемпион боламыз деген үмітпен келдік. Чемпион болдық Аллаға шүкір. Намысты қолдан бермей қоянды қамыс, еркекті намыс өлтіреді демекші, соңына дейін бардық.

Елден жырақта жүрген қазақстандық жастар осындай шаралар бір бірімізбен жақынырақ танысып, шетелге тез бейімделуге септігін тигізеді дейді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу