Әдептен аттаған мемлекеттік қызметкерлер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әдептен аттаған мемлекеттік қызметкерлер

26.11.2024

Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат қызметкері мас күйінде көлік тізгіндеп, жол апатын жасап, үш көлікті зақымдаған. Ал ауылдық округ әкімі ауыл тұрғынын балағаттап, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір әкім дөрекілік танытып ауыл аумағын тазалаудан бас тартқан. Жыл басынан бері 20-ға жуық мемлекеттік қызметкер әдеп ережесін бұзған. 

Облыс әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы Ербол Найзабеков түн ортасында масаң күйде рөлге отырып, бағдаршамда тұрған жеңіл көлікті түйген. Әлгі көлік алдындағы тағы екі машинаға соқтығысқан. Екі адам зардап шеккен. Қазір сотқа дейінгі сараптама тағайындалып, іс өндірісте жатыр.

Жаңақала ауданы Пятимар ауылының әкімі Бауыржан Рамазановтың бұлай өктем сөйлеуіне аудан басшылығының ауыл аумағына кірмейтін алқапты тазалауға міндеттегені түрткі болған. Алайда, қызметтік тексеріс жүргізіліп, әкім тәртібі Әдеп кеңесінде қаралды. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

Бауыржан Рамазанов, Пятимар ауылдық округінің әкімі:

Менің енді даусым бұрын совхозда трактордың ішінде жүрдік қой көбіне, содан ба, дарылдап қатты шығады. Сөйлегенде солай дауласқан сияқты көрінем бе, білмеймін. Кейбіреулер неге айқайлайсың дейді. Былай боқтаған да жоқпын, балағаттаған да жоқпын. Мен тек жұмыс бойынша айттым. 

Ал Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылының әкімі Жамбыл Дабысқалиев ауыл тұрғынын балағаттаған. Шағым түсірген азамат та әкімге ғайбат сөз айтқан. Даудың басы ауылға асфальт төселіп, соны сақтау үшін жүк көліктерін кіргізбеуден басталған. Ауыл тұрғыны әкімнің бұл ескертуін елемей, соңында бір-бірін балағаттаған. Бірақ сөгіс ауыл әкіміне берілді.

Жамбыл Дабысқалиев, Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі: 

Шағым түсіріп отырған Есқалиев Мереке деген азамат «мен ауылға шөп әкелемін, қазір техникаларым келе жатыр, асфальтпен кіремін» деді. Мен «Мәке, ауылға кірмей-ақ қой» десем, «жоқ, сен тек әкім болмай жүр екенсің» деп балағат сөздер айтты. «Ауылыңды қоршап ал» деп маған. Сол жерде екеу ара сөзге келіп қалдық. Оған қатысты емес бір балағат сөз айтып қалғаным бар, оны мойындаймын.

Биылғы он айда 14 мемлекеттік қызметкер әдеп нормасын бұзған. Олардың тең жартысының ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Бұған қоса 6 дерек бойынша іс сыбайлас жемқорлық қызметінде қаралып жатыр.

Мұрат Байсалов, Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы:

Ең көп кездесетін бұзушылықтар - мемлекеттік қызметшілердің масаң күйде автокөлікті басқару фактілері, сонымен қатар, қоршаған ортаны ластау және ұсақ бұзушылық деректері. Кез келген мемлекеттік қызметші ол жұмыс уақытында міндетті түрде әдеп нормаларын сақтау керек. 

Сондай-ақ Бәйтерек, Бөрлі, Жәнібек аудандары мен табиғи ресурстар және жұмыспен қамту басқармаларының қызметкерлері қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта мақсатсыз пайдаланған. Ал Теректі ауданы әкімдігі мен облыстық ветеринария басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін қызметтен қуылды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу